«Үздік оқытушы»: Роза Садықова



    • «Үздік оқытушы»: Роза Садықова

      АЛМАТЫ. 29 қаңтар. Баспасөз орталығы – «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағына ие болған Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті ұстаздарының бірі – филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы Роза Садықова. Білікті оқытушының білім беру мен ғылымның дамуына сіңірген еңбегі қандай?

      Роза Садықова 1971 жылғы 25 тамызда дүниеге келген. 1995 жылы қазіргі әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетін «Иран филологиясы» мамандығы бойынша тәмамдаған. 1993-1994 жылдары білімін Иранның Тегеран университетінде жалғастырып, парсы тілін жетілдірген.

      1995 – 2015 жылдары аралығында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Шығыс филологиясы кафедрасында оқытушы, парсы бөлімінің жетекшісі қызметтерін атқарды.

      1996 – 2000 жылдары аралығында Ирандағы Тарбиатэ модарес университетінде  білімін жетілдірді.

      Роза Садықоваға 2008 жылы Абай атындағы Қазақ  ұлттық педагогикалық университетінің доценті ғылымит атағы берілді. 2003 жылы Алматы қаласындағы Иран  Елшілігі  жанындағы   мәдени өкілдігінің тапсырмасы бойынша парсы тілі  (жалпы білім беретін мектептің 5 сыныбына арналған) оқулығын әзірледі және аудармамен айналысты.

      2010 жылы  28 қыркүйекте  профессор А. Алдашеваның жетекшілігімен әл-Фараби  атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Түр мен түс атауларының аудармада берілуі («Абай жолы» эпопеясының парсы тіліндегі аудармасы негізінде)» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын табысты қорғады. 2011 жылдың 26 ақпанында филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атақ берілді.

      Роза Садықова 2015 жылдан бері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқытушылық қызметпен айналысып келеді. Жалпы педагогикалық еңбек өтілі – 25 жыл.

      2018 жылы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің қауымдастырылған профессор міндетін атқарушы ғылыми атағы берілді.

      Роза Кәрімқызы өз  ғылыми зерттеулерінде жоғары оқу орындарында парсы тілін оқытудың тиімді әдістерін, оқу үдерісінде қолданылатын заманауи технологиялар мен болашақ парсы тілі (екінші тіл) мұғалімдерін, аудармашыларын дайындаудың маңызды жолдарын қарастырады.

      Сондай-ак бірнеше рет Иранда өткен  шетелдік  парсы тілі мен әдебиеті оқытушыларының халықаралық жиындарға қатысып, шығыс филологиясының бүгінгі мәселелері, қазіргі парсы тілі лексикасын оқытудың ең тиімді жолдары бойынша баяндамалар жасап, атақты шетелдік ғалымдардың тәжірибелерімен бөлісіп келді.

      Бұдан өзге ғалым аударма, шығыстану саласындағы ғылыми мақалаларды тұрақты түрде жариялап отырады.

      Белсенді ғылыми-зерттеу қызметі және заманауи ғылымының дамуына қосқан үлесі үшін «World Science» Дипломын алған.    

      Ол ғылыми ізденістерінің негізінде көптеген оқу құралдары мен монографиялар шығарды.

      Роза Садықова Иран мен Қазақстанның достық қарым-қатынастарын  нығайтудағы қызметі  үшін шетелдік дипломатиялық өкілдіктердің Алғыс хаттарымен, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына қосқан зор үлесі мен белсенді қызметі үшін оқу орны ректорының Алғыс хатымен марапатталған.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны:+7 727 237 00 07

      e-mail:kyzdaruniversity_press@gmail.com

       

      Бөлісу: