Қыздар университетіне «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық жинақ тарту етілді



    • Қыздар университетіне «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық жинақ тарту етілді

      Қазақстандағы жоғары оқу орындары арасында алғаш болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне «Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар» атты 12 томдық еңбек тарту етілді. Мемлекеттік деңгейде қолға алынған бұл жобаға Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолдауымен және Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің жетекшілігімен үлкен мән берілді.

      Алаш қозғалысының тарихына қатысты архив материалдарының көптен күткен жинағы QyzPU Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанайға Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қариннің бастамасымен табысталды. Бұл жинақты дайындауға 30-дан астам тарихшы, архивші және археограф атсалысқан. Қыздар университетінің оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент, Қазақстандағы 20-40 жылдардағы қуғын-сүргінге ұшырағандарды ақтау жөніндегі комиссия мүшесі болған Берлібаев Ердәулет Тұрбекұлы да жинақтың жазылуына атсалысқан. 2020-2023 жылдары Президент  Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен құрылған комиссияның қызметіне 425 ғалым, оның ішінде аймақтардан келген 260 зерттеуші жұмылдырылды. Қыздар университетіне бұл туындының сыйға берілуі – тарихи мәнге ие.

                                                

      «Бұл еңбекте Алаш қозғалысының тарихы, оның қайраткерлерінің өмірі мен қызметі, сондай-ақ Қазақстанның тәуелсіздігі жолындағы күреске қосқан үлесі архивтік құжаттар арқылы жан-жақты ашып көрсетілген. Енді бүгінгі сөз етіп отырған кітаптардың біріншісінің тақырыбы – «Алаш орда ісі 1920-1940 жылдардағы құжаттар мен материалдар» деп аталады. Бұл деректер 1916 жылғы Ұлт азаттық көтерілісінен бастап, 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыстағы интеллигенция өкілдерінің жағдайына дейінгі кезеңді қамтиды. Бұл кітаптың маңыздылығы – оның негізінде архивтік материалдар мен құпиясыздандырылған деректер қамтылуы. Бұрынғы уақытта бұл құжаттардың көпшілігі құпия болып келген, бірақ уақыт өткен соң олар қолжетімді бола бастады», – деді Ердәулет Берлібаев.

      Тарихшының айтуынша, жинақты дайындау барысында Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің архиві, Алматы қаласының архиві және басқа да мекемелерде үш жыл бойы зерттеу жүргізілген. Еңбекте 1921 жылы құрылған республикалық комиссияның қызметі мен оның тарихи құжаттары талданған.

      «Бұл кітаптардың негізгі мақсаты – Алаштықтардың Қазақстан тарихындағы рөлін, қазақ интеллигенциясының қалыптасуы мен дамуындағы үлесін көрсету. Мұндай еңбектердің жарық көруі – Алаш қозғалысының тәуелсіз Қазақстан тарихындағы орнын ұрпақ санасына сіңіру үшін маңызды қадам», – деп атап өтті Ердәулет Берлібаев.

      Сондай-ақ 14 ақпан күні Кеңес Нұрпейісовтің 80 жылдығына орай оның Алаш қозғалысын зерттеудегі ғалымдық жолына арналған еске алу шарасы өткізіледі. Сол күні «Алашорда ісі» жинағының ресми тұсаукесері де жоспарланған.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті үшін бұл құнды тарту жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде тарихи мұраларға негізделген білім берудің жаңа деңгейіне жол ашады. Бұл еңбектер болашақ педагог қыздарымыздың ұлттық тарихымызды терең түсініп, Отан алдындағы жауапкершілігін сезінуге ықпал етеді.

       

      Бөлісу: