OYZPU-ДА БИОЛОГИЯЛЫҚ БІЛІМ БЕРУ КАБИНЕТІНІҢ АШЫЛУ РӘСІМІ ӨТТІ
-
18 ақпан, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Жаратылыстану институтының биологиялық білім беру кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.
Салтанатты ашылу рәсіміне Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Нұртайұлы, QyzPU Басқарма Төрағасы-Ректоры Гүлмира Қанай және Алматы қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Маслихат Зәмірбекқызы қатысып, қызыл лентасын қиды.
«Мұғалім балаларға дәріс беретін болғандықтан, оның білімі зор болуы керек. Бүгінгі таңда мектептерде техникалық жабдықтау жоғары деңгейде. Студенттеріміз сол жабдықтармен жұмыс істей алуы тиіс. Білімді мұғалімнен жоғары білім алатын болса, олардың еліміздің экономикасына қосар үлесі мол болады. Міне, осының бәрін ескеріп, зертханаларды барлық пәндерге қатысты жаңартуды мақсат етіп қойдық. Мен университет оқытушылары мен студенттеріне сенемін. Осы салада оларға тиянақты жұмыс тілеймін», – деді Директорлар кеңесінің төрағасы Омархан Өксікбаев.
Биология кабинеті бірнеше маңызды функцияларды орындау мақсатында құрылған. Атап айтсақ, білім беру, ғылыми-зерттеу жұмыстары, тәжірибелер мен бақылауларды жүргізу, экологиялық тәрбие беру, биологиялық білім беру бағыты бойынша дәрістер, зертханалық және практикалық сабақтар өткізу және басқа да қызметтерді қамтиды.
«Бүгін қаржылық-экономикалық негізде жасақталған биологиялық білім беру кабинеті ашылып отыр. Бұл кабинетте студенттердің білім алуына және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуіне толық жағдай жасалған. Атап айтсақ, білім беру бағыттары бойынша демонстрациялық материалдар, түрлі практикалық және зертханалық сабақтарға қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге де үлкен мүмкіндік беріліп отыр. Биохимиялық және медициналық бағыттағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының барлығы болашақта студенттердің біліктілігін арттыруға септігін тигізеді», – деді Жаратылыстану институты, биология кафедрасының бағдарлама көшбасшысы Асқар Маралович Калекешов.
Білім беру қызметі, табиғатты зерттеу, ғылыми дүниетанымды қалыптастыру және білім алушылардың зерттеу дағдыларын дамыту – биология кабинетінің негізгі бағыттары.
Бұл функциялардың негізгі аспектілеріне: практикалық дағдыларды дамыту, ғылыми әдістермен жұмыс істеу, зерттеулерді, тәжірибелер мен бақылауларды орындау, биологиялық процестерді модельдеу үшін сандық микроскоптарды және компьютерлік бағдарламаларды қолдану жатады.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ашылған биологиялық білім беру кабинеті студенттердің ғылымға деген қызығушылығын арттырып, олардың болашақта биология, экология, биомедицина және басқа да ғылым салаларында табысты маман болып қалыптасуына үлкен ықпалын тигізеді.
Бөлісу: