Университет-Мектеп: Сенімді Серіктес



    • Университет-Мектеп: Сенімді Серіктес

      Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Университет-Мектеп: Сенімді Серіктес» атты семинар өтті.

      Шараның басты мақсаты – университет пен мектептер арасындағы серіктестікті нығайту, білім алушылардың кәсіби дамуына ықпал ету, сондай-ақ білім беру саласындағы тәжірибелі мамандардың кеңесін тыңдап, кәсіби байланыстар орнату мүмкіндігін қамтамасыз ету.

      «Бүгін университетімізде маңызды семинар ұйымдастырылды. Бұл семинардың негізгі мақсаты – педагогикалық және өндірістік практиканы тиімді ұйымдастыру, сондай-ақ болашақ мамандарымызды жұмыс орындарына даярлау мақсатында жұмыс берушілермен тығыз байланыс орнату.Университетімізде студенттердің практикадан өтуіне барлық жағдай жасалған. Болашақ мамандарымыз оқу бағдарламасына сәйкес қажетті дағдыларды игеру үшін практика базаларында толық қамтылған. Практика барысында олар өз салаларына сай кәсіби тұрғыда қалыптасуға мүмкіндік алады. Алдағы уақытта университетіміз бен мектептер арасында ынтымақтастықты арттыру мақсатында кафедра филиалдарын ашу жоспарланып отыр. Бұл қадам біздің жұмысымызды одан әрі тиімді етіп, түлектеріміздің кәсіби біліктілігін жоғарылатуға септігін тигізеді. Қазіргі таңда жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі айқын көрінуде. Студенттеріміз тәжірибеден өтетін мекемелер тарапынан жоғары бағалануда»,-деді  «Шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша іс-тәжірибеге жауапты оқытушы, PhD Айсулу Нұртаева.

                                                  

      Семинарға Назарбаев Зияткерлік мектебінің, Алматы қаласы Білім басқармасына қарасты №15 гимназия коммуналдық мемлекеттік мекемесінің, М. Мақатаев атындағы №140 гимназияның, Алматы қаласындағы Ikigai School жеке меншік мектебінің, сондай-ақ №24 лицей коммуналдық мемлекеттік мекемесінің өкілдері арнайы шақырылды.

      «Мектеп қабырғасында студенттердің теориялық білімін практикамен ұштастыра отырып, тәжірибе алуы – өте маңызды және жауапты процесс. Қазіргі уақытта Назарбаев Зияткерлік мектебінде жиырмадан астам студент іс-тәжірибеден өтуде.Университетте алған теориялық білімдерін мектеп оқушыларына үйрету арқылы және тәлімгерлердің көмегімен олар өздеріне қажетті практикалық дағдыларды қалыптастырып, кәсіби тұрғыда шыңдалып жатыр. Студенттердің мектептегі іс-тәжірибесі – олардың болашақ маман ретінде қалыптасуында маңызды рөл атқарады. Мұғалімдік қызметке қажетті кәсіби дағдыларды жетілдіру үшін теория мен практиканың үйлесуі өте маңызды. Біз тәлімгерлер ретінде оларға барынша қолдау көрсетіп, өз тәжірибемізбен бөлісуге дайынбыз»,-деп атап өтті Физика-математика бағытындағы Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің химия пәні мұғалімі, практика координаторы Талғат Аубәкіров.

                                                                                 

      Іс-шара барысында екі жақ тарап, яғни мектеп мұғалімдері мен университет оқытушылары студенттердің тәжірибеден сапалы өту мәселелерін жан-жақты талқылады. Сонымен қатар дөңгелек  білім алушылардың практикалық білімін жетілдіру, оқу орындары мен мектептер арасындағы серіктестікті нығайту, сондай-ақ болашақ педагогтардың кәсіби даму мәселелері қаралды.

      «Тап осы білім ордасының бірнеше түлегі алдыңғы қатарлы легі біздің мектепке келіп, қызметін жалғастырып жатыр. Бұл университеттен күтеріміз көп. Себебі әр қыздың бойындағы инабаттылық, әдептілік, мұғалімге тән этика теориясымен қатар, әдістемелік тұрғыда қарулануы ерекше. Орайы келгенде, университет ректорына, барша ғалым ұстаздарға бүкіл Алматы қаласының білім мекемелерінің ұстаздары атынан алғыс айтқым келеді», – деді Алматы қаласы М. Мақатаев атындағы №140 гимназия директорының орынбасары Сафура Тимурбаева. 

      Іс-шара соңында ашық микрофон арқылы қатысушылар өз ойларын ортаға салып, түрлі сұрақтарға жауап алды. Шараның қорытындысы бойынша барлық қатысушыларға  марапаттар табыс етілді. 

      «Университет-Мектеп: Сенімді Серіктес» тақырыбындағы семинар білім беру саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, болашақ педагогтарды дайындау ісіндегі маңызды қадамдардың бірі болды. Қатысушылар бір-бірімен тәжірибе алмасып, кәсіби байланыстар орнату мүмкіндігін алды.

       

      Бөлісу: