Кітап оқып, кітап сыйла
-
14 ақпан, 2025
14 ақпан - Халықаралық кітап сыйлау күніне орай Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхананың ұйымдастыруымен «Кітап оқып, кітап сыйла» атты мерекелік іс-шара өтті.
Бұл мерекенің басты мақсаты – оқырмандарды кітап оқуға ынталандыру, бір-біріне кітап сыйлау дәстүрін қалыптастыру және қағаз кітаптың құндылығын ұғындыру.
Іс-шара барысында қатысушылар өзара кітап алмасып, әдебиетке деген сүйіспеншіліктерін білдірді. Сонымен қатар еліміздегі бірқатар баспалар мен кітап дүкендері өз өнімдерін ұсынған арнайы кітап жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге келесі баспалар мен кітап дүкендері қатысты: «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйі, «Алқа» баспасы, «Арман-ПВ» баспасы, «QAZYNA&Ummastore» кітап дүкені, «Steppe&World» кітап дүкені, «Қасым» баспасы, «Alash Book» баспасы, «AmalBooks» баспасы, «Marfu Press» кітап дүкені, «Kitapal» кітап дүкені, «Kemel Kitap» баспасы, «Mazmundama» баспасы, «KazakhContent» баспасы.
«Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде үлкен жәрмеңке өтіп жатыр. Бұл шараға «Арман-ПВ» баспасы да қатысып, өз кітаптарын ұсынды. Сонымен қатар, университеттің жаңадан ашылған кітапханасына бірнеше кітапты сыйға тартты. Студенттер үшін арнайы викториналық сұрақтар дайындалып, дұрыс жауап бергендер тегін кітап ұтып алу мүмкіндігіне ие болуда. «Кітап сыйлау күні құтты болсын! Білімді жастарымыз көп болсын!» – деді «Арман-ПВ» баспасының өкілі Айсұлу Бақтығалиева.
Іс-шараға арнайы келген «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйінің өкілі Әділет Күнесбай да жәрмеңкеден алған әсерімен бөлісті: «Жәрмеңке жоғары деңгейде өтуде. Бүгін «Отбасы хрестоматиясы» баспа үйі де өз кітаптарымызды ұсындық. Жәрмеңкеге келген қыздардың барлығы кітапқа қызығып, кітаптың барлығын қарқынды түреде сатып алуда. Бұл - қазақ жастарының кітап оқуға деген ынтасы күннен күнге артып келе жатқанын көрсетеді».
Отандық баспа өкілдері іс-шара барысында өз пікірлерімен бөлісіп, оқырмандарға жаңа туындыларды ұсынды. Сонымен қатар кітап оқудың дәстүрлі және электронды түрлері туралы пікір алмасу ұйымдастырылып, оқылған кітаптар жайлы қысқаша баяндамалар жасалды.
«Мен бүгінгі жәрмеңкеге арнайы Семей қаласынан келдім. Керемет іс-шара өтіп жатыр. Қазақстандық бірнеше баспаның кітаптарымен танысып, пікір алмастық. Ұйымдастырушыларға шексіз алғысымды білдіремін», – деді Семей қаласындағы Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеттің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің оқытушысы Жанерке Имангаликова.
Іс-шараның қорытынды бөлімінде белсенді қатысушылар алғыс хаттармен марапатталды. Қонақтар естелікке фотосуретке түсіп, әсерлі сәттерді есте сақтады.
«Бүгінгі жәрмеңкеде қазақ баспаларының кітаптарын көріп, керемет әсер алдым. Өзіме Мэтт Хейгтің «Түн ортасындағы кітапхана» атты кітабын сатып алдым. Енді демалысым қызықты өтетініне сенімдімін. Осындай жәрмеңкелер жиі ұйымдастырылса екен деген тілегім бар», – деді Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Мектепке дейінгі білім беру кафедрасының оқытушысы Жанбота Ерзатқызы.
Мерекелік бағдарлама кітапхана ісі мамандығының 1 курс білім алушыларымен жалғасын тапты. Олар өздерінің әдеби шығармашылық қабілеттерін танытып, оқырмандарға рухани байлық сыйлады.
Бұл игі бастама оқырмандардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, әдебиет арқылы достық пен сыйластықты нығайтуға ықпал етті.
Бөлісу: