Соғыс ардагері Құдайберген Сұрағановтың құрметіне зияткерлік сайыс өтті
-
13 ақпан, 2025
Бүгін Университетімізде «Құдайберген Сұрағанов: Ұстаздық пен ерліктің өнегесі» атты зияткерлік сайыс өтті.
Бұл шара алда келе жатқан Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай ұйымдастырылып, QyzPU-да қызмет еткен ұлағатты ұстаз, Ұлы Отан соғысының ардагері, көрнекті математик Құдайберген Сұрағановтың ерлігі мен педагогикалық еңбегіне арналған апталық аясында өткізілді.
Зияткерлік сайыстың басты мақсаты – Құдайберген Сұрағановтың өмірі мен еңбегін жас ұрпаққа таныстыру, оның ерлігі мен ұстаздық қызметін дәріптеу, студенттердің тарихи санасын нығайтып, білімге деген қызығушылығын арттыру. Сонымен қатар сайыс қатысушылардың логикалық ойлау қабілетін дамытып, командалық жұмыс жасау дағдыларын жетілдіруге бағытталды.
Зияткерлік сайыс: «Ерлікке толы сұрақтар», «Ерлік іздері», «Майдангер мамандықтар», «Шифрланған хабарлама», «Ғылым офицері» сияқты бірнеше кезеңнен тұрды.
Сайыс барысында студенттер жоғары белсенділік танытып, өздерінің білімділігі мен тапқырлығын көрсетті. Әр команда сұрақтарға жылдам әрі нақты жауап беріп, өз ойларын терең талдап, тарихи деректерді жүйелі түрде баяндады. Әр команда жеңіске деген ұмтылыстарын көрсетіп, тапсырмаларды орындауда шығармашылық тәсілдерді қолданды. Олардың ұйымшылдығы мен тапқырлығы сайыстың әсерлі әрі тартысты өтуіне ықпал етті.
Сайыс қорытындысы бойынша «QyzZhibek» командасы – III орын, «X-Genius» командасы – ІІ орын, «Ctrl+Alt+Win» командасы І орынды иеленді.
Бұл зияткерлік сайыс жас ұрпақтың тарихи санасын нығайтып, олардың білімге деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
Бөлісу: