QyzPU кубогына арналған үстел теннисінен ашық турнир өтті
-
08 ақпан, 2025
Бүгін QyzPU кубогына арналған үстел теннисінен ашық турнир өтті. Турнирге Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты, Қазақ спорт және туризм академиясы, «Интеллектуалдық дамуында бұзылыстары бар балаларға арналған №7 арнайы түзету мектеп-интернаты» коммуналдық мемлекеттік мекемесі және Алматы қаласы Дене шынықтыру және спорт басқармасының «Алматы» спорт клубы мемлекеттік коммуналдық қазыналық кәсіпорнынан бес команда қатысты.
Қатысушылардың спорттық шеберлігін арттыру, салауатты өмір салтын насихаттау, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары арасында үстел теннисін танымал ету, сондай-ақ ең мықты спортшыларды анықтау мақсатында өткен турнирде қатысушылар жоғары шеберлік пен жігерлі ойын өрнегін көрсетті.
Бес команданың құрамындағы 23 қатысушы бастапқы кезеңде жекелей біріншілік форматында өзара бақ сынасты. Кейін үздіктер финалға шығып, жүлделі орындарды сарапқа салды.
Жарыс қорытындысы бойынша ІІІ орынды Қазақ спорт және туризм академиясы, ІІ орынды Қазақстан менеджмент, экономика және болжау институты, І орынды Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті иеленді.
«Бүгін үстел теннисінен керемет жарыс өтті. Алған әсеріміз ерекше. Қарсыластарымыз да өте мықты болды. Дегенмен, қажырлы дайындықтың арқасында біз І орынды иелендік. Қуанышымызда шек жоқ», – деді QyzPU университеті командасының мүшесі Сарвиноз Саидмуратханова.
Жарыс соңында жеңімпаздарға кубоктар мен естелік сыйлықтар табысталып, олардың еңбегі мен жеңіске деген жігері лайықты бағаланды. Мұндай спорттық шаралар алдағы уақытта да жалғасын тауып, үстел теннисінің өркендеуіне өз үлесін қоспақ.
Бөлісу: