QyzPU-да өнер адамдарына Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапхана таныстырылды
-
06 ақпан, 2025
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз Сералы Қаниев атындағы ғылыми кітапханаға тур өткізілді. Жапон философиясына сай кеңістік университетте 2024 жылдың қараша айында ашылған болатын. Қонақтар жаңартылған кітапхана ғимаратымен танысып, білім беру сапасын арттыруға бағытталған жаңалықтар туралы ақпарат алды.
Жаңартылған кітапхана студенттер, оқытушылар және зерттеушілер үшін заманауи білім беру және мәдениет орталығына айналды. Ғылыми қорлармен жұмыс істеуге, оқу және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін соңғы технологиялармен жабдықталған. Онда 2 оқу залы, конференц-зал, Академиялық жазу орталығы, оқу аймағы, студенттердің топтық жұмыс бөлмелері, 14 жеке оқу кабинасы, релаксация бөлмесі бар, кітап қоры 1 млн кітаптан асады.
Жоба авторларының бірі суретші архитектор Адильжан Муса бұл кеңістікті заманауи үлгіде жасауға тырысқандарын айтты.
«Мақсат – әр бұрыштың ұтымды пайдаланылуын қамтамасыз етіп, функционалдылық пен қарапайымдылыққа басымдық беру, жапон философиясына сай кеңістік құру болды. Біздің командамызда жапондық пен француз бар. Біз өз халықаралық тәжірибемізді қолдануға тырыстық. Әртүрлі елдердің кітапханаларын зерттеп, осы жерге ең жақсысын бейімдеп енгізуге тырыстық. Мұнда ауыр оқу күнінен кейін студенттер демалып, тыныға алатын демалыс бөлмесі, емтиханға дайындалуға арналған жеке кабинеттер, сондай-ақ жұптасып жұмыс істеуге арналған кеңістік қарастырылған», – деді ол.
Кітапхана жобасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстары ғимараттың қасбетін жаңартудан бастап, компьютерлік кабинеттер, студенттердің жеке және топтық жұмыстар жүргізуіне арналған алаңдар, демалыс аймақтары, коворкинг орталығы, асхана мен заманауи оқу залдарын қамтыды. Кітапханаға қонаққа келген актриса Гульнара Сильбаева қыздарға арналған заманауи ортаның қалыптасқанын көріп, пікірімен бөлісті.
«Шынында мен бұл кітапхана туралы оның жобасын жасаған Адильжан Муса арқылы білдім. Жобаларда бірге жұмыс істедік. Мен кітап оқығанды, ғылыммен байланысты барлық нәрсені жақсы көремін, сондықтан QyzPU қыздарында осындай әдемі, заманауи әрі жағымды ортада білім алуға болатын орын бар екенін естігенде қуандым. Мен Адильжан мен қыздарды қолдауға, қуанышпен бөлісуге және адамдарға осындай керемет кітапхана бар екенін айтуға келдім», – деді Гульнара Сильбаева.
Сералы Қаниұлы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің дамуына үлкен үлес қосқан ардақты ұстаз, физика-математика ғылымдарының кандидаты, доцент. Қазақ ССР ағарту ісінің үздігі, КСРО Жоғары мектебінің үздігі, еңбек ардагері. Ұстаздық қызметте 40 жылға жуық еңбек етіп, мыңдаған шәкірт тәрбиеледі.
Бөлісу: