Болашақ педагогтерге арналған психологиялық тренинг
-
04 ақпан, 2025
Бүгін Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының 1 курс студенттері үшін Менталды денсаулықты дамыту орталығының коуч-психологы Кәмшат Әмірова психологиялық тренинг өткізді.
Бұл шараның басты мақсаты — болашақ педагогтерге балалармен дұрыс әрі тиімді байланыс орнатудың қыр-сырын үйрету және адамның менталды денсаулығын нығайту жолдарын көрсету.
Тренинг барысында студенттер табысқа жетудің тиімді құралдарының бірі саналатын SMART әдісімен танысты. Бұл әдіс мақсат қою мен оны жүзеге асыру жолдарын нақты, өлшенетін, қолжетімді, өзекті және мерзімді етіп жоспарлауға көмектеседі. Студенттер өз өмірлеріндегі мақсаттарын айқындап, оларды жүзеге асырудың оңтайлы тәсілдерін меңгерді.
Сонымен қатар шарада күйзелісті жеңу техникаларына ерекше назар аударылды. Кәмшат Қарабекқызы студенттерге стресті басқарудың тиімді жолдарын көрсетіп, тыныс алу жаттығулары мен медитация арқылы эмоциялық күйді тұрақтандыру тәсілдерін үйретті. Бұл жаттығулар студенттердің менталды саулығын сақтауға және қиын жағдайларда өзін-өзі бақылауға септігін тигізеді.
Тренинг соңында студенттер өз әсерлерін бөлісіп, кері байланыс жасады. Олар шараның мазмұндылығы мен тәжірибелік маңыздылығын жоғары бағалап, алған білімдері болашақ кәсіби өмірлерінде маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
Осындай психологиялық тренингтер студенттердің жеке дамуына оң әсер етіп, оларды кәсіби ортада сенімділікпен әрекет етуге дайындайтыны сөзсіз.
Бөлісу: