QyzPU проректоры Закир Джумакулов Қазақстан мен Эстония арасындағы үкіметаралық комиссияның жетінші отырысына қатысты
-
27 қаңтар, 2025
Таллинде Қазақстан мен Эстония арасындағы үкіметаралық комиссияның жетінші отырысы өтті. Аталмыш іс-шараға Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Даниярұлы Джумакулов қатысты. Отырыста білім және ғылым саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Кездесу Эстониядағы Қазақстан елшілігі тарапынан ұйымдастырылды. Қазақстан делегациясының құрамында сауда, білім, ғылым және жоғары білім министрліктерінің, олардың тиісті құрылымдарының және жеке компаниялардың 50-ден астам басшылары болды. Білім беру саласындағы жұмыс тобы екі тараптан да барлық деңгейдегі білім беру жүйесі – бастауыштан бастап жоғары білімге дейін, ғылыми мекемелерді қоса алғанда, толықтай ұсынылды.
Қазақстандық делегация үшін Эстонияның білім беру және ғылым саласындағы тәжірибесін зерттеу ерекше қызығушылық тудырды. Эстония, посткеңестік ел ретінде, өз тарихында бірқатар сәтті реформаларды жүзеге асырып, бүгінде халықаралық деңгейде жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі таңда Эстония бірнеше маңызды көрсеткіштер бойынша көш бастап тұр: PISA халықаралық зерттеулері бойынша Еуропада І орын, өсу ойлауы (growth mindset) бойынша әлемдегі көшбасшы, шығармашылық ойлау саласында Еуропада тағы да І орын, сондай-ақ «Еуропаның Силикон алқабы» ретінде танылып, жан басына шаққандағы стартаптар саны бойынша әлемде алдыңғы қатарда. Эстония – Skype пен Bolt сынды әйгілі 11 «единорог» компаниясының отаны.
Сессияның негізгі мәселелерінің бірі – эстондық оқушылардың халықаралық рейтингтердегі табысына әсер еткен факторларды талқылау болды. Эстония тарапынан қатысушылар білім беру жүйесінің басты элементтері ретінде оқу орындарының автономиясы мен икемділігін атап өтті. Мектептерге оқу материалдары мен ресурстарын белгіленген стандарттар аясында таңдау еркіндігі берілген. Бұл – тиімді оқытуға ықпал етеді. Сонымен қатар, жеке сектордың белсенді қатысуы маңызды рөл атқарады. Қазіргі уақытта елде 80-нен астам білім беру технологиялары саласындағы стартаптар жұмыс істейді. Олар мектеп пәндерін ойын түрінде оқытуға арналған интерактивті қосымшаларды ұсынады. Мұндай тәсіл жоғары білімде де қолданылады.
Бөлісу: