Тәуелсіз елдің тұғыры – дарынды ұрпақ



    • Тәуелсіз елдің тұғыры – дарынды ұрпақ

      10 желтоқсан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Тәуелсіз елдің тұғыры – дарынды ұрпақ» тақырыбында Республикалық шығармашылық байқау өтті.

      Іс-шараны Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институтының Кәсіптік білім кафедрасы ұйымдастырды. Бейнелеу өнері саласындағы кәсіби шығармашылық ортаны қалыптастыру, дарынды жастардың шығармашылық әлеуетін дамыту және оқушыларды көркемдік білімге баулу мақсатында өткен байқауға еліміздің әр ауданынан 200-ден аса мектеп және колледж оқушылары қатысты.

                                                       

      Республикалық шығармашылық байқау екі негізгі бағытта өтті. I номинация – Бейнелеу өнері. Бұл номинацияда оқушылар Тәуелсіз еліміздің тарихынан сыр шертетін терең мазмұнды тақырыпта туындылар бейнеледі. Жас талантты жастардың шығармалары ерекше стиль мен шынайы шеберліктерімен ерекшеленді.  II номинация – Сәндік-қолданбалы өнер. Бұл бағытта оқушылар ұлттық нақыштағы тәуелсіздігімізді сипаттайтын қолөнер бұйымдарын, заманауи креативті жұмыстарымен ерекше тәнті етті.

                                                                                 

      Шара барысында Қазылар алқасы қатысушылардың жас санаттары бойынша шығармашылық қабілеттері мен үздік жұмыстарын жоғары деңгейде бағалап, жүзден жүйрік шыққан дарынды жеңімпаздарды анықтап, жүлделі орындармен марапаттады. Атап айтсақ, «Сәндік-қолданбалы өнер» номинациясы бойынша Талғар ауданы №24 орта мектеп 5 сынып оқушысы Қондыбай Іңкәр, Алматы облысы №176 орта мектеп оқушысы Қабикен Аділет шығармашылық жұмыстың өзіндік шеберлік тәсілімен, тақырыпты ашу тереңдігімен, көркемдік ерекшелегімен Бас жүлдені жеңіп алды. Байқауға қатысушылар Фидоренко А., Тілеуқабыл А., Алпысбай М., Болат Д., Амирханова Л. I орынды иеленді. «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша мектеп оқушылары Аділетқызы Ж., Акупова Э., Алипбаева М., Асылбек А., колледж оқушылары Колчина П., Мельникова А., Алдияр Ә.  шығармашылық жұмыстары көркемдік тұрғыдан бейнелілік, эмоционалдылық, экспрессивтілік екпінділігімен ерекше жоғары деңгейде бағаланып, жүлделі орындарды иеленсе, өзге жеңімпаздарға арнайы диплом және сыйлықтар табысталды. Сонымен қатар шара барысында оқушылар мен жетекшілер университеттің «Айтұмар» мұражайы мен «DARA ART» галереясына саяхат жасап, білім алушылардың шығармашылық жұмыстарын тамашалады. 

                                                      

      Байқау соңында Институт директоры Жамал Базыловна Аширбекова мен Кәсіптік білім  кафедрасының Бағдарлама көшбасшысы Сара Мукашевна Крыкбаева қатысушыларды дипломмен марапаттап, сертификаттарды табыстады.

      Тәуелсіз еліміздің болашағы – дарынды ұрпақтың қолында екендігін айқындай түскен бұл шара жас таланттардың дамуына зор мүмкіндік сыйлады.

       

       

       

       

      Бөлісу: