QyzPU-да отбасылық психолог Ержан Мырзабаевпен кездесу өтті
-
04 желтоқсан, 2024
4 желтоқсан күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің «QyzPU Unispace» коворкинг орталығында танымал отбасылық психолог Ержан Мырзабаевпен «Қыз бақыты» тақырыбында кездесу өтті.
Кездесуде Ержан Мырзабаев «Қыз бақыты» ұғымын тереңнен талдап, оның мәнін жан-жақты түсіндірді. Сонымен қатар қыз баласының бақыты — оның ішкі әлемінің тыныштығында, арман-мақсаттарын түсініп, өз болмысын толық қабылдай алуында екенін ерекше атап өтті.
«Бүгінгі кездесудің тақырыбын «Қыз бақыты» деп алдық. Себебі қыз бақытты болса – әлем бақытты. Әсіресе қыз баланың өзін үнемі жетілдіріп, білімді болуы өте маңызды. Барша аруларымызға сәттілік тілеймін. Бақытты болыңыздар!»,-деп отбасылық психолог Ержан Мырзабаев ізгі тілегін білдірді.
Еркін форматта өткен бұл мазмұнды шарада қыздарды толғандырған өзекті мәселелер кеңінен талқыланып, отбасы құндылықтары туралы мәнді ойлар ортаға салынды. Сонымен қатар қыздарға саналы түрде жар таңдау және осы маңызды шешімді қабылдауда ескерілетін негізгі қағидалар жайында құнды ақыл-кеңестер берілді. Қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қою арқылы кәсіби отбасылық психологтан нақты әрі пайдалы жауаптар алды.
«Бүгінгі кездесуден түйгенім көп болды. Көптеген маңызды ақпарат айтылып, жан-жақты талқыланды. Шара өте жоғары деңгейде өтті»,-деді «Психология» білім беру бағдарламасының 4 курс студенті Жанайым Айдархан.
Жиын соңында қатысушылар тағылымы терең кездесу үшін отбасылық психолог Ержан Мырзабаевқа өз алғыстарын айтып, естелікке суретке түсті. Тұлғалық дамуға жол ашып, саналы шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға және өмірлік құндылықтарды терең түсінуге бағыт берген бұл кездесудің қыздар үшін маңызы зор болды.
Бөлісу: