QyzPU-да семинар-тренинг өтті
-
28 қараша, 2024
28 қараша күні Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Дәстүрлі медиадан онлайн медиаға дейін: алдыңғы қатарлы тәжірибе мен болашағы (Қырғызстанның мемлекеттік БАҚ мысалында)» тақырыбында семинар-тренинг өтті.
Спикер ретінде белгілі тележүргізуші, ел аралық журналистика және медиакоммуникация бөлімінің басшысы, аға оқытушы Сатыбекова Эльвира Жаркынбаевна сөз сөйледі. Ментор Орталық Азиядағы қазіргі заманғы журналистиканың қалыптасуы туралы баяндап берді.
Эльвира Сатыбекова кәсіби құпияларымен бөлісіп, сюжеттің жарқын басталуы мен аяқталуының маңыздылығын атап өтті. Кездесу ашық диалог форматында өтті, онда студенттер сұрақтар қойып, стендаптың рөлі туралы пікір алмасып, тәжірибелі журналистен құнды кеңестер алды.
Сонымен қатар «Қырғыз әдебиеті және оны оқытудың технологиялары» кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айнур Каныбекова мен «Қырғыз тілі және оны оқытудың технологиялары» кафедрасының аға оқытушысы Назгүл Масалиева «Жасанды интеллектінің білім беруде педагогтар үшін жаңа мүмкіншіліктері» тақырыбында қызықты баяндамалар жасап, өздерінің ойларын ортаға салды. Ал «Қырғыз тілі және оны оқытудың технологиялары» кафедрасының басшысы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Райкан Абдуллаева «Сабақта заманауи инновациялық технологияларды қолданудың тиімді жолдары» туралы сөз қозғап, білім беру үрдісіндегі жаңа әдіс-тәсілдермен таныстырды.
Іс-шара соңында қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды.
Бөлісу: