QyzPU-да Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың ашық дәрісі өтті



    • QyzPU-да Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың ашық дәрісі өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Ноғатайқызы Шәмшидинованың ашық дәрісі өтті.

      Іс-шараға Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, студенттер, магистранттар және докторанттар қатысты.

      Ашық дәріс барысында қазіргі заманғы білім берудің ерекшеліктері жан-жақты талқыланды. Үлкен деректер мен жасанды интеллект негізінде, үнемі жаңартылып отыратын және өзекті цифрлық контент пен тиімді бағалау жүйесімен толықтырылған адаптивті білім беру ортасын құру туралы сөз қозғалды. Сонымен қатар Күләш Ноғатайқызы қыз тәрбесінің маңыздылығына тоқталып, білімді қыздардың  болашақта сауатты ұрпақ тәрбиелейтінін ерекше атап өтті.

      «Мен 40 жылдай педагогика саласында еңбек еттім. Сол үшін өз біліміммен бөлісуді парызым деп білемін. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті – еліміздің тарихында өз орынын ойып алған білім ордасы. Әсіресе қазақ қыздарының білімін көтеру мәселесінде алар орыны ерекше. Білімді, тәрбиелі қыздарымыз болашақта сауатты ұрпақ тәрбиелейтінін ұмытпағанымыз жөн»,-деді ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері Күләш Ноғатайқызы.

      Кездесу аясында Күләш Ноғатайқызы ұстаздың шәкірт тәрбиесіне қалай әсер ететінін ерекше атап өтті. Сонымен қатар отбасының бала тәрбиесіне қосар үлесінің зор екенін де еске салды. Ұстаз әр баламен тіл табысып, оған қолдау көрсетуі керектігін айтты. Заманауи білім берудің ерекшеліктеріне тоқталып, құнды ақпаратпен  бөлісті.

      «Бүгін Күләш Ноғатайқызының ашық дәрісіне қатыстым. Дәрісте баланың тәрбиесі, олармен дұрыс қарым-қатынас орнату, заманауи білім беру мәселелері талқыланды. Сонымен қатар көп ақпарат білу мен сауатты ақпарат білудің аражігін ажырата алу маңызды екені айтылды. Ашық дәрістен алаған білімім, түйгенім көп болды», – деді «Биология» білім беру бағдарламасының докторанты Дохдырбай Макпал.

      Ашық дәріс соңында студенттер ұлағатты ұстазға көкейкесті сұрақтарын қойып, тұщымды жауаптар алды. Сонымен қатар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттің  Басқарма Төрағасы – Ректоры Гүлмира Қанай Күләш Ноғатайқызына университет атынан алғыс айта отырып, сыйлық табыстады.

       

      Бөлісу: