Qyzpu мерейтойы аясында өткен маңызды шаралар



    • Qyzpu мерейтойы аясында өткен маңызды шаралар

      Алматыда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдық мерейтойы атап өтілді. Мерейтой аясында университет тарихындағы айтулы оқиға – QyzPU жаңа оқу ғимаратының ашылу рәсімі өтті. Жаңа корпустың лентасын Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Орынша Қарабалина, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек және Университеттің Директорлар Кеңесінің Төрағасы Омархан Өксікбаев кесті.

                                                      

      80 жылдық мерейтой аясында өткен маңызды шаралардың бірі – университетте «Mazmundama» баспасымен бірлесе жаңа идеялар мен креативті бастамаларға арналған «QyzPU Unispace» коворкинг орталығының салтанатты ашылуы өтті. Орталықтың ресми ашылуына мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, университет түлегі Асылы Әлиқызы Осман, ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты, Президент жанындағы Әйелдер істері және демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшесі Абден Қарақат Жақсылыққызы қатысты. Ашылу салтанатында «Mazmundama» баспасының негізін қалаушы Шыңғыс Мұқан жобаны көпшілікке таныстырып, орталықтың маңыздылығы мен болашағы жайлы өз пікірін бөлісті. Бұл – университеттің шығармашыл әрі ізденімпаз жастарға қолдау көрсетудегі кезекті маңызды қадамы.

                                                                                 

      Сонымен қатар жаңадан ашылған жаңа ғимаратта QyzPU Michigan State University-мен стратегиялық серіктестік туралы келісімге қол қойды. QyzPU мен Sussex University арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылды. Сонымен қатар QyzPU, Education University of Hong Kong және Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті арасында ұстаздар біліктілігін арттыру академиясын құру туралы шартқа қол қойылды.

                                                          

      Еліміздің білім саласы үшін маңызды тағы бір жаңалық – Education University of Hong Kong пен Қазақстанның жоғары оқу орындарының ректорлары арасында Альянс құру туралы шарт жасалуы. Аталған келісім Қазақстанда білім беру мен ғылыми зерттеулерді жаңа деңгейге көтеруге жол ашады деп күтілуде.

                                                                                   

      Бөлісу: