QyzPU-да «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында Халықаралық форум өтті
-
18 қараша, 2024
Биыл Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің құрылғанына 80 жыл. Осыған орай Университетте «Білімді қыздар – білімді ұлт» тақырыбында Халықаралық форум өтті. Мақсаты – өткен кезеңді сараптап, жетістіктерді көрсету, тәжірибе алмасу, сондай-ақ болашаққа нақты бағыттар мен жоспарларды айқындау.
Халықаралық форумға Университеттің Директорлар кеңесінің төрағасы Өксікбаев Омархан Нұртайұлы, Қазақстан Республикасы Ұлттық Ғылым Академиясының Президенті Күрішбаев Ақылбек Қажығұлұлы, Экономика ғылымдарының докторы, профессор, академик, «Тұран» университетінің ректоры, Қазақстан Республикасы Жоғары оқу орындары қауымдастығының президенті Алшанов Рахман Алшанұлы, Қазақстанның Еңбек Ері, Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі Аягүл Төреқызы Миразова, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Смирнова Ирина Владимировна, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаты Қарақат Жақсылыққызы қатысып, құттықтау сөз сөйледі.
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы-Ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы Директорлар кеңесінің төрағасына алғысын білдіріп, университеттің дамуына қосқан үлесі үшін медаль табыс етті.
«Мерейтой аясында бір жыл бойы көптеген конференциялар, ғылыми жобалар жүзеге асырылды, орталықтар ашылды, профессорлар дәріс оқыды. Бірақ бүгінгі күн ерекше, себебі университетіміздің басты жетістігі, қоғамға берген жақсылығы сіздердің алдарыңызда отыр. Университетіміздің өркендеп, өсуіне үлес қосып жүрген ел ағаларына алғыс айтамын. Омархан Нұртайұлы университетімізге көлемді инвестиция алып келді. Қыздардың білім алуына қолдау білдіріп, мемлекет тарапынан Алматының орталығынан ғимарат берілуіне, зертханалардың ашылуына септігін тигізді», – деді ректор.
Шара барысында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Аягүл Төреқызы Миразова ұжымды құттықтап, жұмысына сәттілік тіледі.
«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 80 жылдығы – барша Қазақстанның қуанышы десем, артық айтқаным емес. Озық ойлы ұлтты тәрбиелеуде ана мен ұстаздың алар орыны ерекше. Ал Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті осы жолда аянбай еңбек етуде. Небір тұлғалар осы университеттен түлеп ұшты. Тарихы өте терең университетіміз өркендей берсін. Білікті ұстаздарымыз, елді әлемге танытатын түлектеріміз көп болғай», – деді Аягүл Төреқызы.
ҚР Парламенті Мәжілісі депутаты Смирнова Ирина Владимировна өз сөзінде қыз баланың тәрбиесінің маңыздылығын ерекше атап өтті. Тәрбиелі, ізгі қасиеттерге ие қыздар болашақта ұлттың ар-намысын сақтайтын, қоғамға үлгі болатын ұрпақты қалыптастыруда шешуші рөл атқаратынын айтты.
Форумда QyzPU ректоры Қанай Гүлмира Әмірханқызы еліміздің білім және ғылым, мәдениет салаларын дамытуға үлес қосқан түлектерге алғыс айтып, мерейтойлық төсбелгі табыстады.
Сонымен қатар іс-шарада Университеттің белді түлектері Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы, Алматы қаласының құрметті азаматы, бірнеше кітаптың авторы Орынша Қарабалина, белгілі ақын және қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Ақұштап Бақтыгереева, Ұлағатты ұстаз, мемлекет және қоғам қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Оразкүл Асанғазы, Танымал қоғам қайраткері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері филология ғылымдарының кандидаты, профессор, 2 дәрежелі «Парасат» және «Достық» ордендерінің иегері Асылы Әлиқызы Осман құттықтау сөз сөйледі.
Бұл Халықаралық форум білім мен тәрбие саласындағы үздік дәстүрлерді жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған маңызды алаңға айналды.
Бөлісу: