QyzPU-да Селджук университетінің профессоры Аладдин Аккоз семинар өткізді



    • QyzPU-да Селджук университетінің профессоры Аладдин Аккоз семинар өткізді

      Visiting Scholar бағдарламасы аясында Селджук университетінің профессоры Аладдин Аккоз «Түркістандық қажылар және Осман мемлекеті» тақырыбында семинар өткізді.

      Семинар барысында профессор «Түркістан» атауының «Түркі жұрты», «Түркі елі», «Түріктердің мекені» деген мағынаны білдіретінін айтып өтті. Сондай-ақ, Түркістан территориясынан шыққан хандықтар мен Осман мемлекеті арасындағы байланыстар XVI ғасырдан бастау алғанын атап, бұл байланыстарды бірнеше топқа бөлді: дипломатиялық, саяси, әскери, діни және сауда қатынастары.

      Алғашқы түркістандық қажылар Осман мемлекеті арқылы қажылық сапарларын XVI ғасырдың ортасында бастаған. Ол кезде қажылық сапар үшін үш түрлі жол ұсынылған болатын: бірінші – Солтүстік және Шығыс Қара теңіз порттары арқылы теңіз жолы; екінші – Транс-Кавказ жолы ретінде танылған Бағдат және Хижаз жолы; үшіншісі – Самарқандтан басталып, Ауғанстан мен Үндістан территориясы арқылы созылған оңтүстік жол. Профессор бұл жолдарды картадан көрсетіп, студенттерге түсіндіріп өтті.

      XVI ғасырдан бастау алған қажылық сапарларға барушылардың саны 1899 жылы Транс-Сібір темір жолының ашылуымен екі есеге артқанын да атап өтті, себебі темір жол қара жол мен теңіз жолына қарағанда қауіпсіздеу болды.

      Сонымен қатар, Осман мемлекеті түркістандық қажыларға Ыстамбұл арқылы өту кезінде виза мәселелерінде және қаржылық жағынан қолдау көрсеткенін, кейін бұл мәселенің мемлекеттік деңгейде қаралып, ХХ ғасырдың басында қажыларға арнайы қорлар құрылғанын баяндады.

      Бөлісу: