Білім беру ұйымдарында қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелік негіздері
-
21 қазан, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Білім беру ұйымдарында қазақ әдебиетін оқытудың әдістемелік негіздері» атты әдістемелік семинар өтті. Семинарға профессорлық-оқытушылық құрамы мен студенттер қатысты.
Мақсаты — қазақ әдебиетін оқытудың заманауи әдістемелік тәсілдерін талқылау және білім беру үрдісіне тиімді оқыту әдістерін енгізу арқылы оқушылардың әдебиетке деген қызығушылығын арттыру.
Шараны филология институты, Қазақ әдебиеті кафедрасы оқытушылары мен студенттері ұйымдастырды.
Академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Аида Мейркулова, «М.Мақатаев атындағы №140 гимназияның» оқу ісі жөніндегі директор орынбасары Сафура Темурбаева, №59-гимназия, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Элеонора Сейдазимова, №206 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі, педагог-сарапшысы Айдана Сейтпанова, №123 мектеп гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі Бекзат Ералиева шараға арнайы шақырылды.
Семинар барысында қазақ әдебиетінің ұлттық құндылықтары мен тарихи мұраларын терең түсінуге бағытталған педагогикалық әдістемелер қарастырылды.
Сонымен қатар іс-шара аясында қазақ әдебиетін оқытудағы инновациялық әдістер, оқушылардың қызығушылығын арттыру, әдебиет пәнінде ұлттық құндылықтарды насихаттау, қазақ әдебиетіндегі шығармаларды оқытудың әдіс-тәсілдерін жетілдіру сияқты мәселелер талқыланды. Бұл мәселелер семинарда ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан қаралып, мұғалімдер арасында пікір алмасу, тәжірибе бөлісу түрінде жүзеге асырылды.
Семинар келесі кезекте мектеппен байланыс орнату және нығайту, шығарма оқытудағы мәселелерді шешу, қазақ әдебиетінің пәні бойынша ғылыми зерттеулерді жетілдіру бағытында дамытылатын болады.
Осы жоспарлар арқылы қазақ әдебиеті пәнін оқытудағы мәселелерге терең назар аударылып, оның болашағына қатысты нақты шаралар қолға алынбақ.
Бөлісу: