«Жасыл ел» еңбек жасақтарының маусымдық жабылу салтанаты өтті
-
18 қазан, 2024
«Жасыл ел» жасағы құрамында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 150 студенті жұмыспен қамтылды. Олар жаз бойы Алматы қаласының тазалығына зор үлестерін қосып, маусымдық жұмыстарды жоғары деңгейде атқарды. Университет өз тарапынан жасақ құрамына кіріп, жұмыс істеген жүз елу белсендіге Студенттер үйінде тегін тұруға жағдай жасады. Сондай-ақ арнайы киімдер де берілді.
Салтанатты кеште қаламыздың игілігі үшін еңбек еткен Алматы қаласының барлық жоғары оқу орындарынан белсенді сарбаздар өз өнерлерін көрсетті. Олардың еңбегінің арқасында айтулы нәтижелерге қол жеткізілді. Атап айтсақ, 15-тен астам сенбілік ұйымдастырылды; 2100 адам жұмыспен қамтылды; 10-нан астам экологиялық акция өткізілді; қоқыстар мен өзендердің жағдайы мониторингтен өтті; мемлекеттік органдарға 100-ден астам сұраныс пен 150 өтініш жолданды.
Қала көлемінде барлық жоғары оқу орны бойынша 10 үздік жетекші мен 10 үздік сарбазға алғыс хаттар, сонымен қатар теледидар, электрсамокат сияқты бағалы сыйлықтар берілді. Сыйлықтарды Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Қажденбек Әзиз Оралбекұлы табыстады.
Атап айтсақ, QyzPU-дың Жастар саясаты орталығына теледидар және «Жасыл Ел» жастар еңбек жасағының төрағасы, «Шет тілі: екі шет тілі» мамандығының 4 курс студенті Аженова Ұлдамет Бахытқызына электросамокат берілді.
Мереке соңында жастар арасында кеңінен танымал өнер жұлдыздары Bonapart және Colorit кеш қонақтары мен студенттер үшін өнер көрсетті.
Айта кетейік, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттері «Жасыл ел» жастар еңбек жасағында 2007 жылдан бері үздіксіз жұмыс істеп келеді.
Бөлісу: