QyzPU делегациясы WALS 2024 – Lesson Study халықаралық конференциясына қатысты
-
10 қазан, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті делегациясы WALS 2024 – Lesson Study дүниежүзілік қауымдастығының халықаралық конференциясына қатысты. Конференция «Сабақты зерттеу: үздік оқу мен оқытуға ұмтылу» тақырыбында өтті.
WALS 2024 конференциясы – білім беру саласындағы оқу мен оқытудағы жаңашылдықтарды талқылауға арналған халықаралық алаң.
Конференцияда QyzPU Басқарма Төрағасы-Ректор Гүлмира Қанай негізгі спикерлер қатарында болды. Ректор баяндамасында Қазақстан бойынша Lesson Study бірлескен зерттеулерді университет деңгейінде бірінші болып Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде енгізгенін айтты.
Сонымен қатар конференция барысында жас зерттеушілерге арналған секцияда университетіміздің магистранттары Рахима Турлибек пен Баян Алтаева өздерінің Lesson study жобаларын постер форматында ұсынды.
Шараға QyzPU 2 курс докторанттары Тургалиева Айман «Lesson Study әдістемесінің сыныптағы этикалық динамиканы жақсарту»тақырыбындағы зерттеуі туралы баяндама жасады және Амирова Диана «Оқушылардың өмірді құтқару дағдыларын арттыру: қиын жағдайларда тиімді әрекет ету үшін ситуациялық тапсырмаларды модельдеу» тақырыбындағы зерттеуімен бөлісті.
Университеттің Академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Аида Мейркулова, оқытушы Данагүл Кошанова симпозиум форматында студенттеріміздің жұмысы және арнайы әзірленген Lesson Study рефлексивті күнделікті ұсынды. Аталған симпозиумда QyzPUҒылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Закир Джумакулов дискурсант рөлінде ұжымның жұмысын қорытындылады.
Конференция барысында Малайзиядағы Sultan Idris Education University-нің өкілі доктор Мохамад Борхан университеттің Lesson Study әдісін болашақ мұғалімдерді әзірлеу кезеңінде енгізу моделінеқызығушылық танытып, университетпен ынтымақтастық орнатуға ұсыныс білдірді.
Кембридж университетінің профессоры, әйгілі Lesson Study бойынша жетекшілік еңбектердің авторы Питер Дадли университетте жасалған зерттеулерді бағалап, елімізде болашақ ұстаздарды әзірлеу жүйесінде тиімді әдістерді енгізу аса құнды еңбек екенін жеткізді.
Университет делегациясының WALS 2024 конференциясына қатысуы QyzPU-дың халықаралық деңгейдегі беделін арттырып, болашақтағы ынтымақтастықтар мен зерттеулердің негізін қалауға септігін тигізеді.
Бөлісу: