500 ғалым: QyzPU оқытушылары тағылымдамадан өтті



    • 500 ғалым: QyzPU оқытушылары тағылымдамадан өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 10 оқытушысы педагогика және білім беру менеджменті саласы бойынша біліктіліктерін арттырды.

      Олар АҚШ-тың Урбана-Шампейн қаласындағы Иллинойс университетінде, Сиэтл қаласындағы Вашингтон университетінде, Англиядағы Рединг және Сассекс университеттерінде тағылымдамадан өтіп жатыр. Оқытушылар академиялық ағылшын тілі, жоғары білім беру трансформациясы және педагогикалық инновациялар бойынша курстарды меңгерді.

      2023 жылдың қорытындысы бойынша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің 23 оқытушысы «Болашақ» бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында тағылымдамадан сәтті өтті. Аталған бағдарлама еліміздің білім және ғылым саласында кадрлық әлеуетті дамытуға бағытталған, соның ішінде Университет ғалымдарының кәсіби біліктіліктерін арттыруға және зерттеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.

      «Мен Ұлыбританиядағы Ланкастер университетінде тағылымдамадан өттім. Біздің негізгі бағытымыз – білім беру саласындағы зерттеулер. Соған қатысты сандық, сапалық әдістерді игердік. Action Research және кітапхана қорымен жұмыс істеп, көптеген дереккөздерді таптық. Сондай-ақ басқа да цифрлық дереккөздермен жұмыс істедік. Осындай таптырмас мүмкіндік берген Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне айтар алғысым шексіз», – дейді орыс тілі мен әдебиеті кафедрасының профессоры
      Жанар Қиынова.

      Тағылымдама барысында оқытушылар «педагогика және білім беру менеджменті», «ақпараттық-коммуникациялық технологиялар», соның ішінде «жасанды интеллект» және  физика, биология, молекулалық биология, география бағыттары бойынша ауқымды зерттеулер жүргізді.
      Оқытушылар тағылымдама кезінде халықаралық конференцияларға қатысып, шетелдік әріптестерімен тәжірибе алмасты. Бұл шаралар барысында олар өздерінің ғылыми зерттеулерінің нәтижелерімен таныстырып, ғылымның өзекті мәселелерін талқылай отырып, ғылыми қауымдастықтың дамуына үлестерін қосты. Жаратылыстану институтының академиялық мәселелер жөніндегі директордың орынбасары Дариға Батаева тағылымдамадан өткендегі өзінің әсерімен бөлісті.

      «Болашақ бағдарламасының «500 ғалым» жобасы аясында Түркия мемлекетінің Нийде Омер Халисдемир университетінде 3 айлық тағылымдамадан өттім. Бұл – ғалымдар үшін тәжірибе алмасуға бірден бір мүмкіндік беретін алаң. Озық тәжірибелі мемлекеттердің базасында сапалық және сандық зерттеу әдістерін үйрену, соның әдістемесін меңгеру бағытында болды. Тағылымдаманың тағы бір беретін мүмкіндігі – ол шетелдік ғалымдармен коллаборация жасау. Яғни шетелдік ғалымдармен бір деңгейде жұмыс істеу. Осындай мүмкіндік берген елімізге, «Болашақ» бағдарламасына және университет басшылығына алғысымды білдіремін», – дейді ғалым. 

      Бағдарлама аясында алынған білім мен тәжірибе қатысушылардың ғылыми-зерттеу қызметінде маңызды қадам боларына және олардың болашақ кәсіби жолында үлкен үлес қосарына сенімдіміз.

      Бөлісу: