QYZPU QS STARS РЕЙТИНГІНДЕ 4 ЖҰЛДЫЗҒА ИЕ БОЛДЫ



    • QYZPU QS STARS РЕЙТИНГІНДЕ 4 ЖҰЛДЫЗҒА ИЕ БОЛДЫ

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті халықаралық QS Stars рейтингтік жүйесінің кешенді бағалауының нәтижесі бойынша 4 жұлдызға ие болды. Аталған жетістік Университеттің білім беру сапасы стандарттарының жоғары екенін және жаһандық ынтымақтастыққа аса көңіл бөлетінін көрсетеді.

      QS Stars рейтингі аясында университеттің әртүрлі бағыттары бағаланды. Университет «Тиімді басқару» және «Жұмыспен қамту» санаттары бойынша ең жоғары нәтиже – 5 жұлдыз алса, «Оқыту» санаты бойынша 4 жұлдызды иеленді. Бұл – оқу  процесі деңгейінің жоғары екенін дәлелдейді. Сондай-ақ «Академиялық даму», «Инфрақұрылым» және «Әлеуметтік ықпал» санаттары бойынша 3 жұлдыз, «Жаһандық қатысу» және «Инклюзия» салаларында 2 жұлдыз, «Шетел тілі: екі шет тілі» білім беру бағдарламасы бойынша 4 жұлдызға ие болды.

      Университет ректоры Гүлмира Қанай оқытушыларға, студенттерге, сондай-ақ барлық әкімшілік-басқару қызметкерлеріне осы жетістікке жетуге қосқан үлесі үшін алғысын білдірді. Бұл нәтиже QyzPU-дың халықаралық мәртебесі жоғарылағанын көрсетеді. Сондай-ақ оның білім сапасын үнемі жетілдіруге, педагогика ғылымының, экономиканың және жалпы қоғамның дамуына әсер етуге атсалысатынын көрсетеді.

      Стратегиялық даму департаментінің директоры Камила Сейсенбекова Университет Халықаралық білім беру бағдарламаларына белсенді қатысып, студенттер мен оқытушыларға жаһандық байланыстарды дамытуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

      «Университетіміз осындай нәтиже көрсетіп жатқанын  мақтан тұтамыз. Бұл біздің білім беру мен зерттеу саласындағы жетілдіру жолындағы жұмысымыздың нәтижесі деп білеміз. Аталған рейтинг – студенттерге сапалы білім беру, олардың академиялық және тұлғалық өсуіне қолдау көрсетудегі күш-жігеріміздің айқын көрсеткіші», – деді департамент директоры.

      Айта кетейік, QS Stars – университеттердің мықты тұстарын ауқымды критерийлер бойынша бағалайтын тәуелсіз рейтингтік жүйе. Ол университеттерге өздерінің бірегей артықшылықтары мен әлеуетін көрсетуге мүмкіндік береді.

      Бөлісу: