QyzPU зерттеушісі IAFFE 32-ші жыл сайынғы конференциясына қатысты



    • QyzPU зерттеушісі IAFFE 32-ші жыл сайынғы конференциясына қатысты

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік және гендерлік зерттеулер орталығының жетекшісі Айжан Салимжанова IAFFE 32-ші жыл сайынғы «Цифрлық революция және демократия дағдарысы қарсаңында. Феминистік экономиканың жауаптары мен болашаққа көзқарасы» атты Рим қаласы, Италияда өткен халықаралық конференцияға қатысты.

      Халықаралық феминистік экономика қауымдастығы (IAFFE) – ғалымдардың, белсенділердің, саяси теоретиктердің және практиктердің жаһандық қауымдастығы. Қауымдастықтың негізгі мақсаты – гендерлік теңдікті ілгерілету және барлық адамдардың, әсіресе ең үлкен әлеуметтік-экономикалық шеттетуге тап болғандардың әл-ауқатын жақсарту.

      IAFFE 2024 қазіргі экономикалық және саяси ландшафттың екі айқындаушы ерекшелігіне феминистік экономиканың жауаптары туралы сыни рефлексияны дамытуға бағытталған: бір жағынан цифрлық экономикадағы технологиялық бұзылулар және екінші жағынан демократия дағдарысы, саяси поляризация және кері реакция. Конференция төрағасы, профессор Ипек Илккараджан (Стамбул техникалық университеті), IAFFE конференциясының бағдарлама комитетімен бірге, конференцияның бай және жан-жақты жұмысын ұйымдастырды. Әлемнің түкпір-түкпірінен феминистік экономика саласындағы озық зерттеулердің баяндамалары, динамикалық дөңгелек үстелдер мен панельдік пікірталастар, семинарлар, постер сессиялары болды.

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінен Айжан Сәлімжанова «Қазақстандағы үй шаруашылығының құрылымы және ақысы төленбейтін жұмыстағы гендерлік айырмашылықтар» тақырыбындағы зерттеуін ұсынды. Бұл зерттеу Қазақстандағы үй шаруасына және ақысы өленбейтін күтімге жұмсалатын уақытты пайдаланудағы гендерлік айырмашылықтарға үй шаруашылығы құрылымының қалай әсер ететінін зерттейді. Қазақстандағы әйелдер ерлерге қарағанда ақылы жұмысқа айтарлықтай аз уақыт жұмсайды және ақысыз жұмысқа екі есе көп уақыт жұмсайды. Бала күтімі ақысы төленбейтін жұмыстың маңызды бөлігін құрайды. Қолжетімді күтім қызметтерінің болмауына байланысты мектепке дейінгі мекемелерде қамтылмаған күтім жұмыстары әйелдерге, әсіресе бірнеше тәуелді отбасы мүшелеріне күтім жасайтындарға қосымша ауыртпалық түсіреді. Бұл зерттеудің нәтижелері Қазақстандағы әйелдерге де, ерлерге де отбасын қолдау мен бала күтімі жүйесін жетілдіруді талап етеді. Зерттеу балаларға және басқа отбасы мүшелеріне күтім көрсету қызметінің ағымдағы жағдайын және әйелдердің жұмыс күшіне қатысуының жоғары деңгейіне жету үшін күтім қызметтерін көрсетуді кеңейту қажеттілігі бар-жоғын анықтауға көмектеседі.

       

       

      Бөлісу: