2020 жылы табысқа жеткен студенттер



    • 2020 жылы табысқа жеткен студенттер

       АЛМАТЫ. 29 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің баспасөз хатшысы – Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асан 2020 жылы білім, ғылым, өнер және спорт бойынша жетістікке жеткен оқу орнының студенттерін атады.

       

      ОҚУ БОЙЫНША

      – Жаратылыстану факультетінің бір топ студенті «Зияткерлік олимпиада – 2020» атты ағылшын тілі пәнінен өткен халықаралық интернет олимпиадада жүлделі орындарға ие болды. Бірнеше кезеңде жүргізілген жарыс қорытындысы бойынша «Биология» мамандығының 1-курс студенттері Нұржауған Сейдазимова бірінші дәрежелі, Ұлпан Омар, Самал Бейсембаева және Аружан Оразбек екінші дәрежелі, Ақбота Сатанова үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталды.

      ****

      – Жаратылыстану факультетінің білім алушылары жоғары оқу орындары студенттері арасында «Химия» мамандығы бойынша ұйымдастырылған XII республикалық пәндік олимпиадасында екінші орынға ие болды. 

      ****

      – Қыздар университетінің студенттері «Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу» білім беру бағдарламасы бойынша өткен республикалық пәндік олимпиадада екінші орын алды.

      ****

      – Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің студенттерінен құралған «Лашын» тобы «Мәдениеттану» пәні бойынша өткен республикалық студенттік олимпиадада үшінші орынға ие болды.

       

      ҒЫЛЫМ БОЙЫНША

      – Педагогика және психология факультетінің 1 курс студенті Жансая Әшірбай «Start Рroject» креативті жобалар байқауында үшінші орынға ие болды. Алматы қалалық жоғары оқу орындарының студенттері мен жас ғалымдары арасында өткізілген сайыста Қыздар университетінің атынан сынға түскен Жансая Әшірбайдың «Мектепке дейінгі ұйымдарға тас технологиясын қолдану» атты ғылыми жобасы үздік деп танылған.

      ****

      – Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультетінің 1 курс магистранты Айдана Ибраймова «Абайды білмек парыз ойлы жасқа» тақырыбындағы постерлік баяндамалар конкурсында екінші орынға ие болды.

      ****

      – Әлеуметтік-гуманитарлық факультетінің 2 курс студенті Анар Мұратбекқызы «Жас білімпаз» атты X Республикалық студенттердің ғылыми-зерттеу жұмыстары байқауында топ жарып, екінші орынға ие болды.

      ****

      – Университет студенттері «WikiGap Kazakhstan» жобасына қатысып, жетістікке жеткен 100 қазақстандық әйелді Wikipedia-ға орналастырды.  Шараның басты мақсаты – есімі көпшілік үшін беймәлім десе де өз саласы бойынша табысқа жеткен нәзікжандыларды кеңінен насихаттау, интернет кеңістікте олар туралы ақпараттың қолжетімділігін арттыру.

      ****

      – Университет студенті Диляра Надырханова «Мен жастарға сенемін!» VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған «Қайырымды қоғам» студенттік қайырымдылық жобалар байқауында топ жарып, бас жүлдеге ие болды.

      ****

      –  Университеттің екі студенті «Мен жастарға сенемін!» VIII Республикалық жастар форумы аясында ұйымдастырылған байқаулардың лауреаты атанды. Атап айтқанда, Аяла Нұржаубекова «Sanaly urpaq» парасаттылықты дамытудағы үздік жобалар байқауында «Патриоттық тәрбие» аталымы бойынша, Ақбаян Солтан «Мен өз елімнің гүлденуі үшін не істей аламын?» студенттік эссе байқауында «Азаматтық рух» аталымы бойынша үздік деп танылды.

      ****

      – Өнер және менеджмент институтының студенті Несібелі Тоқтасын Нұрсұлтан Назарбаев Қоры ұйымдастырған республикалық атаулы студенттік Стипендиялар байқауының жеңімпазы атанды.

      ****

      – Университеттің 2-курс студенті Маржан Ұзақбай «Қазақстанның үздік студенті» атты халықаралық байқаудың жеңімпазы атанып, бірінші дәрежелі дипломмен марапатталды.

       

      СПОРТ БОЙЫНША

      – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерінен құралған құрама команда волейболдан қыздар арасында өткен II Қысқы ашық турнирде топ жарып, жеңімпаз атанды.

      ****

      – Педагогика және психология жоғары мектебінің студенті Гүлнұр Ыбырай ауыр атлетикадан әлем Кубогының қола жүлдегері атанды. Перудің Лима қаласында Перу ауыр атлетика федерациясының ұйымдастыруымен өткен байрақты бәсекеге 61 мемлекеттен 400 спортшы қатысты.

      ****

      – Педагогика және психология жоғары мектебінің 5 студенті ауыр атлетикадан қыздар мен жастар арасындағы Қазақстан Республикасының жеке командалық чемпионатында жүлделі орындарға ие болды.

       

      ӨНЕР БОЙЫНША

      – Өнер және мәдениет факультетінің студенттері Айдай Жанай мен Валентина Дойка «Өз елім» республикалық байқауында жүлделі орындарға ие болды. Композитор, дирижер, Халық әртісі Нұрғиса Тілендиевтің 95 жылдығына арналған өнер сайысында А. Жанай «Вокал» номинациясы бойынша бас жүлдеге ие болса, В. Дойка «Күй тарту» аталымы бойынша екінші орынды қанжығасына байлады.

      ****

      – Университеттің «Tomiris» би ансамблі Испанияда өткен «Online Wave» халықаралық би фестивалінің жеңімпазы атанды. Сондай-ақ байқау қорытындысы бойынша Дария Мұхитованың өнері қазылар алқасы тарапынан жоғары бағаланып, бірінші орынға лайық деп танылды.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com 

      Бөлісу: