QyzPU-да түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті



    • QyzPU-да түлектерге диплом тапсыру рәсімі өтті

      2024 жылдың 10-11 шілде күндері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде түлектерге диплом тапсыру салтанаты өтті. Ауқымды шараға ата-аналар, университеттің топ менеджменті, профессорлық-оқытушылық құрамның өкілдері және арнайы спикерлер қатысты. Салтанатты шара аясында түлектер шеруі, гала-концерт және фотосессия өтті.

                                                      

      Жалпы бітіруші түлектер саны – 1548. Магистратура бойынша түлектер – 136, бакалавриат бойынша қызыл диплом иегерлері – 340, көк диплом иегерлері  - 1072.

                                                                                  

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма Төрағасы –Ректор Гүлмира Қанай өз сөзінде педагог мамандарын даярлаудың маңызына тоқталып, университет түлектеріне сұраныс қашан да жоғары екенін атап өтті.

                                                        

      «Құрметті менің әріптестерім, 80 жылдық тарихы бар, ұстаздардың ұстаханасы аталған Қазақ ұлтық қыздар педагогикалық университетін аяқтап, білім беру жолындағы алғашқы қадамдарыңызды бастағалы отырсыздар. Бұл күн сіздердің табандылықтарыңыздың, адалдықтарыңыздың және еңбектеріңіздің жемісі ғана емес, маңызды миссияның бастауы деп білеміз. Білім беру жолы өмір бойы ізденіс жолы. Алға қарай жүріп, оқыту тәжірибеңізде қызығушылықты, жаңашылдықты, эмпатияны қолданыңыздар. Сіз болашақ ұрпақты қалыптастыратын және өмір бойы оқуға деген сүйіспеншілікті оятатын  тұлғасыз. Соны ешқашан ұмытпаңыз. Өмірлеріңіздегі ең маңызды күнмен шын жүректен құттықтаймын. Ұстаз ретіндегі сапарларыңыз бақытқа, қуанышқа, сәттілікке толы болсын. Барлықтарыңызға ақ жол тілеймін!», - деді Гүлмира  Әмірханқызы.

                                                                                 

      Сонымен қатар, университетіміздің түлегі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» ордені және "Тіл жанашыры" құрмет белгісінің иегері Асылы Осман Әлиқызы,  CODI play жобасының жетекшісі Нұрғали Асанұлы Тұрымбетов, университетіміздің 1998 жылғы түлегі, Сүлеймен Демирель атындағы университеттің Жаратылыстану ғылымдар педагогикасы кафедрасының қауымдастырылған профессоры Даулеткулова Айгул Утегеновна алғы сөз сөйледі. Сондай-ақ әр институт директорларына, үздік бітіруші студенттер мен ата-аналарға сөз берілді.

                                                       

      «Мен осы оқу орнының түлегімін. Мен бұны зор мақтанышпен айтамын. Мемлекет қызметкерлері мен қоғам игілігі үшін еңбектеніп жүрген әр қызметкерлердің, үздік мұғалімдердің барлығы осы Қыздар университетінен шыққан. Адам болып дүниеге келгеннен кейін адал адам болып, еліне, жеріне деген сүйіспеншілігі және ең бастысы, ар тазалығы болуы керек. Қазақ ұлын нарға, қызын арға балаған. Арлы қыздарымыз көп болсын! Білімді қыздарымыз көп болсын. Еңбектеріңіздің жемісін көріңіздер!»,- деді Асылы Осман Әлиқызы.

                                                                                 

       Сондай-ақ QyzPU түлегі, ҚР мәдениет қайраткері, әнші Сандуғаш Стамғазиева және KaySneak Musical World музыкалық тобысының әншісі Kevin Francis ән шашу тарту етті. Жаратылыстану институты бойынша жалпы 146 түлек диплом алды. Магистрлер саны 28, ал бакалавр бойынша 110. Атап айтсақ, қызыл диплом иегері 41, көк диплом иегері 69. Оның ішінде 6В01509- Биология мамандығының 4 студенті «100 үздік  студент – 2024» атанды.

                                                      

      Физика, математика және цифрлық технологиялар институты бойынша жалпы 162 түлек диплом алды. Магистр дәрежелі дипломын алғандар саны 40 және бакалавр дипломын 122 түлек алған. Оның ішінде қызыл диплом иегерлері 40, көк диплом иегелерлері 82. Ал 6В05109- Математика білім беру бағдарламасының 2 студенті  Көпжасар Аружан Жанысбекқызы және Медет Ізет Құсанқызы «100 үздік  студент – 2024» иегері атанды.

                                                                                 

      Педагогика және психология институты бойынша жалпы 294 бітіруші диплом алды. Магистр саны 37, бакалавр бойынша 257. Атап айтсақ, қызыл диплом иегері 67, көк диплом иегері 190. Оның ішінде 6B01403-Дене шынықтыру және спорт мамандығының 2 студенті «100 үздік  студент – 2024» атанды.

                                                       

      Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар және өнер институты бойынша жалпы 196 түлек диплом алды. Магистр саны 7, бакалавр бойынша 189. Атап айтсақ, қызыл диплом иегері 44, көк диплом иегері 145. Оның ішінде Музыкалық білім «6В01401» мамандығының 4 курс студенті - Куандыкова Куралаи Мельсбаевна «100 үздік студент – 2024» тізіміне енді.

                                                                                  

      Филология институты бойынша жалпы 195 бітіруші диплом алды. Магистр саны 24, бакалавр бойынша 171. Атап айтсақ, қызыл диплом иегері 57, көк диплом иегері 114. Оның ішінде 6В01701 «Қазақ тілі мен әдебиеті» БББ 3-курс студенті - Ұлықпанова Әлия Қоңырбайқызы «100 үздік студент – 2024» тізіміне енді.

       Жолдарыңыз ашық болсын, құрметті QyzPU түлегі!

      Бөлісу: