Шәмшінің өміршең әндері шырқалды
-
24 желтоқсан, 2020
АЛМАТЫ. 24 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті төл тарихында тек жоғары білікті педагог мамандар даярлап қана қоймай, еліміздің өнер мен мәдениет саласының дамуына да елеулі үлес қосып келеді. Талантты жастардың шығармашылық әлеуетін шыңдап, дарынын ұштау мақсатында оқу орнында халықаралық ән байқауы мәреге жетіп, жеңімпаздар анықталды.
Ұлттық рухани мұрамыздың ажырамас бөлігіне айналған Шәмші Қалдаяқовтың өміршең әндерін дәріптеу орайында ұйымдастырылған өнер сайысына Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Ресейдің өнерпаздары қатысты.
Өнер және менеджмент институты мұрындық болған фестивальда шоқтығы биік, болмысы бөлек композитордың ел арасында кеңінен танымал әндері орындалды. Байқаудың ақтық кезеңінде 21 қатысушы өз өнерлерін ортаға салды.
Белгілі мәдениет майталмандары мен өнер саласының қызметкерлерінен құралған қазылар алқасының шешімімен Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университетінің білім алушысы Мұхаммед Али Учар бас жүлдеге лайық деп танылды. Түркиялық әнші Шәмшінің «Арыс жағасында» музыкалық шығармасын орындады. Жүлдегер Қыздар университетінің түлегі, «Мәдениет саласының үздігі» Динара Кемелхан тағайындаған қаржылай сыйақымен марапатталды.
Ал бірінші орынға ресейлік Александра Матвеева мен қырғызстандық Қанышай Бакирова лайық деп танылды. Екінші орынды Қыздар университетінің студенттері Айдай Жанай мен Гаухар Ермек өзара бөліссе, жүлделі үшінші орынға Қаратау құрылыс-техникалық колледжінің білімгері Баубек Айдарбековке, ҚызПУ студенті Арайлым Сатанға және Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің студенті Айбек Теңізбаевқа бұйырды.
Жүлдегерлер Музыка кафедрасының ұжымы тағайындаған сыйақылармен марапатталды.
Байқауда бақ сынаушылар ереже бойынша екі ән айты. Оның біріншісін эстрадалық, фольклорлық ансамбльдің немесе оркестрдің сүйемелдеуімен, ал екінші шығарманы а капелла түрінде орындады.
Қазылар алқасы бағалау барысында қатысушының әнді дұрыс таңдауына, өзін-өзі ұстауына, киім таңдаудағы талғамына, орындау шеберлігі мен музыкаға ілесіп, онымен үндестігіне жете назар аударды
Айта кетейік, фестиваль Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің YouTube желісіндегі ресми арнасында тікелей эфирінде өтті.
– Біздің көздегеніміз – композитор шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттау, оның туындылары негізінде өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеу. Байқауға қатысушы жастардың орындаушылық шеберлігін арттырып, олардың өнерінің шыңдала түсуіне, сахналық мәдениетін көтеруге ұйытқы болу да фестиваль міндеттерінің бірі, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07
e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com
Бөлісу: