Шәмшіге арналған халықаралық ән байқауы өтеді



    • Шәмшіге арналған халықаралық ән байқауы өтеді

      АЛМАТЫ. 22 желтоқсан. Баспасөз орталығы – Биыл ұлт өнерінің майталманы, бүгінгі қазақ эстрадасының негізін салушылардың бірі һәм бірегейі, композитор, Қазақстанның халық әртісі Шәмші Қалдаяқовтың туғанына 90 жыл. Аты аңызға айналған сазгердің есімін ұлықтау, оның өміршең туындыларын жаңғырту мақсатында халықаралық ән байқауы өтеді.

      Қыздар университетінің ұйытқы болуымен онлайн форматта ұйымдастырылатын өнер додасына Қазақстан, Түркия, Қырғызстан және Ресейдің жоғары оқу орындарының талантты білім алушылары қатысып, «қазақ вальсінің королі» атанған тұлғаның музыкалық шығармаларын жанды дауыста орындайды.

      Байқауда бақ сынаушылар ереже бойынша екі әнді айтуы тиіс. Оның біріншісін эстрадалық, фольклорлық ансамбльдің немесе оркестрдің сүйемелдеуімен, ал екінші шығарманы а капелла түрінде орындауы қажет.

      Белгілі мәдениет қайраткерлері мен білікті мамандардан құралған қазылар алқасы бағалау барысында қатысушының әнді дұрыс таңдауына, өзін-өзі ұстауына, киім таңдаудағы талғамына, орындау шеберлігі мен музыкаға ілесіп, онымен үндестігіне жете назар аудармақ.

      Фестиваль 23 желтоқсан күні сағат 12:00-де Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің YouTube желісіндегі ресми арнасында тікелей эфирде басталады. Байқауды ұйымдастырушы – Өнер және менеджмент институты.

      – Біздің көздегеніміз – композитор шығармашылығын халықаралық деңгейде насихаттау, оның туындылары негізінде өскелең жас ұрпақты адамгершілік рухта тәрбиелеу. Байқауға қатысушы жастардың орындаушылық шеберлігін арттырып, олардың өнерінің шыңдала түсуіне, сахналық мәдениетін көтеруге ұйытқы болу да фестиваль міндеттерінің бірі, – дейді іс-шара ұйымдастырушылары.

      Қазақтың кең байтақ даласын әнмен тербеген Шәмшінің 300-ден астам сазды әуендері бірнеше ұрпақты сусындатып келеді.

      Композитордың «Ақ ерке – Ақ Жайық», «Арыс жағасында», «Сыр сұлуы», «Теріскей», «Қарқаралы», «Өмір өзен», «Ана туралы жыр» әндерін жұртшылық ерекше ықыласпен қабылдады.

      Шаттықпен шырқалатын «Менің Қазақстаным», «Бақыт құшағында», «Отырардағы той», «Бәрінен де сен сұлу» әндері де халық арасына кеңінен тарады.

      1991 жылы Шәмші туралы ғұмырнамалық «Жылдарым менің, жырларым менің» деректі фильмі түсіріліп, «Шәмшіғұмыр» естеліктер мен мақалалар жинағы жарық көрді.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Байланыс телефоны: +7 727 237 00 07

      e-mail: kyzdaruniversity_press@gmail.com

      Бөлісу: