Университет ректоры Тәуелсіздік күнімен құттықтады



    • Университет ректоры Тәуелсіздік күнімен құттықтады

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенова оқу орнының ұжымы мен білім алушыларын Тәуелсіздік күнімен құттықтады.

       

      Құрметті әріптестер!

      Қымбатты жастар!

      Баршаңызды Ұлы даланың ұлық мерекесі – Тәуелсіздік күнімен шын жүректен құттықтаймын!

      Қазақ елі 1991 жылғы 16 желтоқсанда дербестігін әлемге жариялап, жаһанға паш етті. Көне түріктің бөрілі байрағының мұрагері – Көк Байрағымызды БҰҰ-ның төрінде желбіреттік, әнұранымызды әлем көгінде әуелеттік, Елтаңбамызды мәңгілік мөрге айналдырдық. Төл теңгемізді енгізіп, Ата Заңымызды қабылдадық, айбыны асқан Қарулы Күштерімізді құрып, шекарамызды шегендедік. Біз 15 ғасыр бұрын Күлтегіннің даналық ескерткішінде жазылған «Мәңгілік ел» ұғымын жалпыұлттық идеяға айналдырдық.

      Әр ұлт, әр халық үшін егемендіктен артық қастерлі де қымбат ештеңе жоқ. Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Тәуелсіздік турасында: «Алтай мен Атыраудың, Сырдария мен Есілдің арасындағы еліміздің жылнамасы алтын әріппен жазылған ардақты күн. Жер бетінде мыңдаған ұлыстар мен ұлттар бар, біз дербес мемлекет құру бақытына ие болған 193 ұлттың біріміз. Адам басына бақыттың қонуы бір бөлек, сол бақытты бағалай білудің жөні – бір бөлек» деген ұлағатты сөзі бүгінгі әрбір отандасымыздың жүрек түкпірінде орын алғаны ләзім.

      Осыдан 29 жыл бұрын тарихи таңдау жасап, мемлекеттік дербестігін жариялаған Қазақстан Республикасы бүгінде беделі биік, айбыны асқақ мемлекет. Ынтымақты ұран, татулықты ту еткен бейбіт халқымыздың тәуелсіздік жылдарындағы табысы – салиқалы саясат пен ішкі бірліктің нәтижесі. Рухы биік, намысы үстем бабаларымыздың сан ғасырлар бойғы мақсаты – азаттықты аялау болса, біздің асыл мұратымыз – Тәуелсіздіктің тұғырын баянды етіп сақтау.

      Осынау мерейлі күнмен құттықтай отырып, баршыңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, толағай табыс тілеймін!

      Азаттық рухы асқақ, Тәуелсіздігіміз баянды болғай!

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: