Қазақстанда 5 мыңнан астам болашақ кітапхана ісі мамандары даярлануда
-
26 сәуір, 2024
Қазақстандық жоғары оқу орындарында 5 мыңнан астам болашақ кітапхана ісі мамандары білім алуда. Бұл туралы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова ХІІ Халықаралық ғылыми-практикалық конференциядағы сөзінде мәлімдеді.
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Заманауи кітапхана – жоғары оқу орнының ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету сапасының кепілі» тақырыбында екі күндік конференция жұмысы басталды. Іс-шара QyzPU 80 жылдық мерейтойы аясында ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі, ҚР Университет кітапханаларының қауымдастығы, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және СДУ университетінің қолдауымен өткізілуде.
ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрайымы Гүлзат Көбенова 2023-2024 оқу жылында кітапхана кадрларын даярлауға арналған гранттар саны 2,5 есе артқанын атап өтті.
«Еліміздің 12 жоғары оқу орны «Кітапхана ісі» және «Ақпаратты өңдеу және мұрағат ісі» бағдарламалары бойынша кадрларды даярлауда. Білім алушылар саны 5 мыңнан астам адамды құрайды. 2023-2024 оқу жылында кітапхана ісі қызметкерлерін даярлауға 123 грант бөлінді, бұл көрсеткіш 2,5 есеге өскенін көрсетеді. Университеттер жыл сайын еңбек нарығына талдау жүргізеді, соның негізінде жаңа және инновациялық бағдарламалар әзірленеді. Бүгінгі таңда отандық жоғары оқу орындарында 225 кітапхана жұмыс істейді. Кітаптардың саны 55 миллион дана, оның ішінде қазақ тілінде – 23 миллион, орыс тілінде – 29 миллион, басқа тілдерде – 2 миллион», – деді Комитет төрайымы.
Конференция барысында заманауи университет кітапханасы және жоғары білім мен ғылымды ақпараттық-кітапханалық қамтамасыз етудің даму тенденциялары, қызмет көрсету сапасын қамтамасыз етудің бағдарламалық-техникалық шешімдері және ақпараттық-кітапханалық қызмет көрсету сапасын бағалаудың заманауи әдістері талқыланды.
Кітапхана қауымдастықтары мен мекемелерінің Халықаралық Федерациясының (ИФЛА) Азия және Океания бойынша аймақтық филиалы комитетінің төрағасы Линь Ли Со кітапхана ісінің мамандарына алдағы уақытта өтетін маңызды шаралар жайлы ақпарат берді.
«Алдағы айларда біз бірнеше вебинар ұйымдастырамыз, олардың мақсаты қазіргі заманғы кітапхана қызметінің өзекті бағыттары бойынша кітапхана қызметкерлерінің кәсіби құзыреттерін жетілдіру болып табылады. Біз климаттың өзгеруі және табиғи апаттарды жоспарлау, сирек материалдар мен басылымдардың сақталуын қамтамасыз ету, үнемі өзгеріп отыратын цифрлық әлемде ақпаратты тиімді іздеу құралдары сияқты маңызды қоғамдық және кәсіби тақырыптарды қарастырамыз. Сонымен қатар осы жылдың 30 қыркүйегі мен 3 қазаны аралығында сіздерді ақпараттық процестердегі болып жатқан өзгерістерді зерттеу және талдау мақсатында Австралияда өтетін IFLA саммитіне қатысуға шақырамыз», – деді Сингапур Ұлттық кітапханасы Кеңесінің серіктестік бөлімінің директоры.
Халықаралық шараға еліміздің 14 қаласынан 44 жоғары оқу орнынан қатысып жатыр. Алыс және жақын шетелдерден (АҚШ, Сингапур, Швейцария, Түркия, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Түркіменстан) 28 маман келді.
Бөлісу: