Өнертану саласындағы жаңашылдықтар сараланды



    • Өнертану саласындағы жаңашылдықтар сараланды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Өнер және менеджмент институтының ұйымдастыруымен «Көпмәдениетті қоғамдағы өнертану: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

      Бейнеконференция режіміндегі жиынға Қазақстан, Ресей, Түркия, Литва және Қырғызстан мемлекеттерінің ғалымдары мен мәдениет қайраткерлері, жоғары оқу орындарының оқытушылары және білім алушылары қатысты.

      Конференция жұмысы «Хореография» және «Өнер саласындағы білім берудің өзекті мәселелері» бағыттары бойынша жүргізілді.

      Хореография және арт-менеджмент кафедрасы мұрындық болған шараның басты мақсаты – өнертану саласының өзекті мәселелер мен хореографиялық білім беру бағдарламаларын және оқытудың инновациялық әдістерін жан-жақты талқылап, зерделеу. Сонымен қатар шара белгілі балетмейстер, өнер қайраткері Дәурен Әбіров еңбектерін өскелең ұрпаққа кеңінен насихаттауды да көздеген.

      Жиында қазақстандық және шетелдік мамандар жаһандану жағдайындағы хореографиялық өнер, ұлттық хореографиядағы заманауи режиссура, ART индустриясындағы оқыту әдістері мен принциптері, хореографиялық өнер саласындағы қашықтан оқытуды ұйымдастырудың ерекшеліктері,мәдениет және өнер саласындағы менеджмент, өнер саласындағы ғылымның даму мәселелері төңірегінде өзара пікір алмасты.

      Жиын «Әбіров әлемі» жобасы аясында қолға алынып отыр.

      Елімізде хореография өнерінің қалыптасып, оның дамуына елеулі үлес қосқан қазақтың тұңғыш кәсіби биші-балетмейстері, Қазақстанның халық әртісі Дәурен Әбіровтың есімін өскелең ұрпақ арасында дәріптеу мақсатында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде «Әбіров әлемі» атты жоба бастау алған болатын.

      Өнер және менеджмент институтының бастамасымен қолға алынған шара ғылыми-педагогикалық және рухани-шығармашылық бағыттарды қамтиды.

      Жоба шеңберінде би өнері саласы мамандарының қатысуымен жиындар мен шеберлік сыныптары, семинарлар мен тренингтер, «Хореография» мамандығы бойынша білім алатын студенттердің кәсіби біліктілігін шыңдайтын байқаулар мен олимпиадалар өткізілмек. Сонымен қатар талантты жастардың шығармашылық әлеуетін арттыратын түрлі деңгейдегі өнер сайыстары да ұйымдастырылады.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

      Бөлісу: