Жаңагүл Сұлтанова: «Отбасы – тәрбие бастауы»



    • Жаңагүл Сұлтанова: «Отбасы – тәрбие бастауы»

       Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Әлеуметтік даму жөніндегі проректоры Жаңагүл Сұлтанованың «Отбасы – тәрбие бастауы» атты мақаласы.

      Отбасы – тәрбиенің алтын діңгегі. Өмірге келген нәрестенің жақсы-жаман болуы да алдымен шыққан тегіне байланысты екені даусыз. «Алып – анадан туады» деп бекер айтылмаса керек. Мемлекеттің іргетасын нығайтып, елінің бір кірпіші болып қаланар тұлғаны қалыптастыру жолында Қыздар педагогикалық университетінің атқарып отырған қызметі орасан.

      Меніңше, біздің ғасырлар бойы қалыптасып, осы кезге дейін талмай жеткен ұлттық тәрбиемізге жететін ештеңе жоқ. Ол – біздің ұлттық құндылықтарымыздың ажырамас бір бөлшегі. Ал сол тәрбиенің іргесін сөгіп, қабырғасын қақыратып жатқан ешкім емес, оны да жасап жатқан өзіміз. Әйтпесе сырттан келіп, «Мына үлгі-өнегелеріңді құртыңдар, біздің айтқанымызбен жүріңдер» деп жатқан ешкім жоқ. Мұның бәріне кінәлі – біздің әсіре еліктегіштігіміз, тез өзгенің қаңсығына қызыға кететін бос белбеулігіміз. Сол себепті де, өзіңіз айтып отырған «алыс-жақын шетелдерден еніп жатқан мәдени, әлеуметтік стандарттардың дәстүрлі қазақ отбасы ұғымының» өзгеруіне әсер ете бастағанын жоққа шығара алмаймыз. Бұл үдерісті қазіргі технология заманының озық жетістіктерінің бірі – ғаламтордың қосып отырған үлесі де аз емес. Ал қазақтың дәстүрлі отбасылық тәрбиесі жөніндегі жеке пікіріме келсем, оның тұжырымы біреу ғана: қазақ қандай жағдайда да өзінің ұлттық тәрбиесінен ажырамауы керек. Ұлттық тәрбиеден бой үзу ұлтты жоғалтып алумен бірдей. Ұлтты сақтайтын да, келер күннің кенересіне жетелеп апаратын да – ұлттық тәрбие. Қазіргі таңда әлемде 5 мыңнан астам ұлттар мен ұлыстар бар десек, солардың барлығының өздеріне тән тәрбие мектептері бар. Олардың қай-қайсысы да өзінің ұлттық тілі мен ділін, болмыс-бітімін, кескін-келбетін сол арқылы сақтауға ұмтылады. Алайда олардың көпшілігінде бұған мүмкіндік аз. Олай болатыны, жаңа айтылған ұлттар санының тек 200-ден астамы ғана өз ұлттық мемлекеттеріне ие. Тағы 70 қаралы нәсіл санының көптігі арқылы өздерінің дара дербес қалыптарын сақтауды жалғастырып келеді. Соңғы ХХІ ғасыр табалдырығынан тап солай өз бітім-болмысымен аттаған халықтар арасында қазақ та бар. Бұдан бес жарым ғасыр уақыт бұрын Қазақ хандығының құрылуымен бірге өзінің қазіргі атауын алып, бір ұяда ұйысқан қазақ халқы содан бері тар жол, тайғақ кешудің сан тарау жолдарынан өтіп, «мың өліп, мың тірілген» тағдырды бастан кешсе де, қатал тарихтың диірменіне түсіп кетуден аман қалды. Біздің халық бұған өзінің ұлттық тәрбиеден шыңдалып шыққан мінез-құлқы арқасында жетті. Біз осыны ұмыт­пауымыз керек. Ұмытпау аз, енді сол дәстүрді жаңа заманға қарай ептеп бейімдей отырып, өзіміздің тәр­биелік жолымызды одан әрі жалғастыра беруіміз керек. Қазақ – ананың қасиетін, әкенің өсиетін пір тұтып өскен халық. Осының негізінде біздің ұлттық болмысымыз қалыптасқан. Дана халқымыз «Ана көрген – тон пішер, әке көрген – оқ жонар» дейді. Мұның мағынасын дәл сол қалпында қабылдап қажеті жоқ. Бұл «Анасын көріп қызын ал, аяғын көріп асын іш» дейтін бабаларымыздың бала тәрбиесінде ата-ананың алатын орнының зор екенін білдіреді. Сондықтан да «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» дегенді айтқан. Тәрбиенің тал бесіктен басталатынын жақсы білген дана халқымыздың ұлт ретіндегі әлеуеті әлі әлсіреген жоқ, оның бергенінен алда берері көп деп білемін. Олай болса, біз өзімізден өзіміз үріккендей болып, ұлттық тәрбиенің ұлағатынан бас тартпауға тиіспіз.

      Иә, отбасылық тәрбиенің бұрынғы заманмен салыстырғанда, едәуір өзгергені де рас. Бірақ бүгінгі қазақ байырғы тәрбиенің мәйегін бере алмай отыр деген үкім шығаруға әлі ерте. Тіпті қазақ халқы сақталып тұрса, ондай үкімнің ешқашан болмасына да сенімдімін. Өйткені қазақ өзінің ұлттық тәрбиесі сақталып тұрған кезде ғана қазақ болып қала алады. Әлі де болса, таза қазақи тәрбиенің бесігінде тербеліп келе жатқан отбасылары бізде аз емес. Бұл дәстүр, әсіресе, ауылдық жерлерде жақсы сақталып қалған. Мұны білетініміз: жұмыс барысымен алыстағы ауылдарды жиі аралап тұрамыз, сондайда сол елді мекендер аумағындағы үйлерге де бас сұғамыз. Соның бәрінде дерлік балалардың отбасы тәрбиесі негізінде ибалы, инабатты, сыпайы болып өсіп келе жатқанын байқап жүрміз. Өзіміз де ауылдық жерден шыққанбыз, елде анамыз бен бауырларымыз бар, соларға барғанда да, осы үрдістің қаймағы бұзыла қоймағанын анық сезінеміз. Осыған орай қазақ отбасы өзінің ежелгі тәрбие үрдісінен ажырап бара жатыр дегенге өз басым келісе қоймаймын. Ал өз балаларына дұрыс тәрбие бермейтін жекелеген ата-аналар бұрын да болған, олардың қазір де кездесуі заңды құбылыс. Осы орайда біздің бәрімізді алаңдататын бір нәрсе болуы тиіс. Ол – қазіргі балалардың интернет пен ұялы телефондарға тым үйірлігі. Бұл – қазір бүкіл жаһанның бастан кешіп отырған құқайы. Бүгінде қай үйге барсаң да, қолына бір-бір айфон не смартфон ұстап отырған баланы көресің. Тіпті бесіктен белі жаңа шыққан сәбилерге дейін сондай байланыс құралдарын қолдарынан тастамай ұстап, түрлі бағдарламалар мен мультфильмдер қарап отырады. Мұның бала денсаулығына зиянды екенін былай қойғанда, оның психикасы мен тәрбиесіне де ететін кері әсерлері аз емес екенін медицина саласының мамандары ұдайы айтып, жазып жүр. Бірақ соны басшылыққа алып, сәбилерін бұдан сақтандырып отырған ата-ана аз. Оларға бала жыламай, бірдеңеге алданып отырса, болды. Міне, бізді сақтандыратын нәрсе осы болуы тиіс.

      Ұлттық тәрбиеде ұлттық тілдің алатын орны ерекше. Ұлттық тілсіз ұлттық тәрбие беру өте қиын. Ұлттық тілден нәр алмаған, оның қасиеті мен құдіретін біліп, танып, тұшынып өспеген баланың ұлттық тәрбиенің мәйегінде тербеле білуі, керек десеңіз, мүмкін емес жайт. Сондықтан мен жапондардың он екі жасқа дейін балаға тек туған тілінде сабақ беру дәстүрін дұрыс деп есептеймін. Сонда ғана бала өз ұлтының толыққанды перзенті болып шыға алады. Өз ұлттық тілінің қазынасынан нәр алып өскен ұлан ешқашан оның ары мен намысын сатып кетпеген болар еді.

      Өз балаларының тәрбиесіне ерекше мән беріп, оларды ұдайы бақылауда ұстап отыратын әке-шеше бүгінгі күні де аз емес. Қайта оларды жан-жақты етіп өсіріп, терең білім беруге ықыласты ата-аналар бұрынғыдан едәуір көп сияқты. Бұған қазір жағдай да жеткілікті. Расында біздің бала кезімізде дәл қазіргідей қаптаған спорт секциялары мен өнер үйірмелері болған жоқ. Мұны аз десеңіз, бұрынғы балаларды ата-аналары дәл қазіргідей көзден таса етпей, бақылауда да ұстай бермейтін. Әке-шешелері азаннан кешке дейін жұмыста жүретін болғандықтан, балалар өздері бірін-бірі сүйрелеп, арқалап жүріп өсірді. Ол кезде әр отбасындағы балалар саны да көп болатын. Сол көп баланың бір-бірлеріне деген сүйеніші, қамқорлығы шексіз болатын. Олардың тәрбиесінің негізін әкеден именетін, ананы құрмет тұтатын қасиеттер құрады. Біздің балалық шағымызда анамыз айтатын «Әкең келе жатыр» деген бір ауыз сөз заматында жым болып, үйдің ішін ретке келтірудің өзіндік дабылы еді. Ал «Әкеңе айтамын» деген ескертпе барлық тәртіптің түпқазығы болатын. Сонда бізге бас салып ұрсып жатқан әкені де көрген емеспіз. Шамасы, қазақы тәрбиенің бір құдіретінің өзі осы шығар. Дегенмен, әкелеріміздің өзі осыған лайықты-тын. Ол барда үйдегі жандар дастарқан басына түгел бір мезгілде жинала қалады. Әке дұға оқып, қасықты қолға алмай, ешкім тамақ ішуді бастамайды. Ас ішу кезінде қасықтардың сыртылынан басқа ештеңе естілмейді, дастарқан басындағылар тамақты үн-түнсіз отырып ішеді. Міне, қазақы тәрбиенің бір көрінісі осындай. Біз, шамасы, қазір жоғалтсақ, осы дәстүрді жоғалтып алып бара жатқан шығармыз. Бұған, әрине, ана мен әкенің өздері кінәлі. Қазіргі ата-аналардың көбіне ортақ кемшілік – балаларының асты-үстіне орынсыз көп түседі, олардың айтқандарын бәрін орындауға, сұрағандарын алып беруге тырысады. Сонда олардың көкейінде тұратыны «Кезінде өзім көрмегенді, балаларым көрсін» деген пендешілік ой. Бұдан қалды, өзге ата-аналармен сырттай жарысатын бәсекелестік тағы бар. Осының бәрі, айналып келгенде, баланың тәрбиесіне кері әсер етті. Қазіргі балалардың көбі сондықтан еңбекпен келген ақшаның қадірін біле бермейді, оларда талап етушілік қасиет басым. Осыдан шығатын тағы бір тұжырым: бүгінде баланы жасынан еңбекке баулу деген жоқтың қасы. Олардың ең мықтылары тек үй ішін жинастырудан аса алмайды. Әлбетте, бұрынғыдай жас кезінен жұмыс жасап, ата-анасына қолғабыс ететін бала бүгінде, ауылдық жерлерде болмаса, қалада мүлде жоқ деуге болады.

      Ата мен әженің тәрбиесі дегенде, менің ойыма бірінші болып, олардың немерелерін түрлі салт-санаға үйретуі, ауыл-үйдің сан алуан тірліктеріне баулуы оралады. Сонымен бірге ата-әженің айтып беретін ертегілері еске түседі. Бұлардың да біртіндеп кеміп бара жатқаны шындық. Расы керек, бүгінде немерелеріне ертегі айтып бере алатын әже мен ата да қалмаған сияқты. Мұны айтасыз, баяғы кеңес заманындағы жақсылық пен қайырымдылыққа үндейтін мультфильмдерді көретін балалар да қазір қалмаған сыңайлы. Көбі шет елдердің ешбір тәр­биелік мәні мен көркемдік келбеті жоқ анимациялық фильмдерін көріп отырады. Ұлттық тәрбиенің бұзылуына мұның өзі себеп. Егер балаларға қазақтың дәстүрлі ұлттық тәрбиесін бергіміз келсе, бұл жағына да көңіл бөліп, назар аударуымыз керек деп ойлаймын.

      Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі 

      Бөлісу: