Гаухар Алдамбергенова: «Елбасы – азаттықтың архитекторы»
-
08 желтоқсан, 2020
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гаухар Алдамбергенованың «Елбасы – азаттықтың архитекторы» атты мақаласы.
Бүгінде жаңа тұрпаттағы жасампаз Қазақ елінің жаңғыруынан бастап, егемендіктің елең-алаң кезінен бергі мемлекеттік дамудың дариялы жолындағы табыстардың толайымын өз отандастарымыз ғана емес, барша əлем жұртшылығы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланыстыратыны ақиқат. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мызғымас мемлекеттің жарқын үлгісі – Мəңгілік ел құрудағы өлшеусіз тарихи еңбегі, қайраткерлік қарымы мен өзіндік дара қолтаңбасы халықтың шынайы құрметі мен шексіз сенімінің қадірлі өнегесіне айналды.
Егемендік пен Елбасы – егіз ұғым
Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлетіп, күңіреніп күн астында жортқан даңқты Ғұн мемлекетінің негізін қалып, іргетасын нықтаған Мөде қаған, тұтас Еуропаны бодандықтан азат етіп, аты аңызға айналған Еділ патша, ділі мен діні ортақ, тілі мен салты бір туысқан түркі халықтарының басын біріктіріп, еңселі ел еткен Бумын, Елтеріс-Құтлық сынды қағандардың төл тарихымызда алатын орны ерекше. Үш ғасыр бойы салтанат құрған Түркі қағанаты дәуірінде қараша халық ел билеген осы үшеуіне ғана «Ел ханы» деген атақ берген. Тұғырлы тұлғалардың қай-қайсысы да жұртының бағына туып, сол жолда саналы ғұмырын сарп етті. Киіз туырлықты халықтың айбынын асырды, беделін биіктетті.
Өткенге көз жүгіртер болсақ, мыңдаған жылдар бұрын бабаларымыз: «Байтақ жұрты бар ел едім ғой – елім қайда, Тағылымды төрім бар жұрт едім ғой – төрім қайда?!» деп айтып кеткен екен. Уақыт өтті. Заман өзгерді. Дәуірлер алмасты. Сан ғасыр бойы қатаң режім қаһарына мініп, қазаққа салған қыл бұрауын қанша күшейткенімен Тәңірі алқап, азаттық алдық. Егемен ел атандық. Содан бері ширек ғасырдан астам уақыт өтті.
Тəуелсіздіктің тəуекелшіл жолына бет алуының қайнар бастауында Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев тұрды. Халқымыз Тұңғыш Президентті «Елбасы» деп атайды. Бұл – елдің жүрегінен, ыстық ықыласынан, шынайы пейілінен шыққан сөз. Елбасы ұғымы бүгінде елдігіміздің символы, бірлігіміздің алтын арқауы, тұтастығымыздың, абыройлы ел болғандығымыздың айқын белгісіне айналды.
Қай елде болса да жауапкершіліктің зор жүгін түсіне біліп, оны көтере алатын, тәуекелшіл, елшіл һәм мемлекетшіл азаматтар болады. Ондай тұлғаларға тән кемел ақыл, терең ой, биік рух, қажырлы қайрат пен зор қабілет сан сынақтан шығудың қисынын тауып, елін өрге сүйреуге жол ашқан. Түркиялықтар Мұстафа Кемал Ататүрік, үнділер Джавахарлал Неру, сингапурлықтар Ли Куан Ю, малайзиялықтар Махатхир Мохамад сынды тұғырлы тұлғаларымен мақтанады. Олар өз елінің дамуында өшпес із қалдырды. Міне, осы қатарда заманның заңғар тұлғаларының бірі әрі бірегейі, көшбасшылық қасиетімен, өзіндік дара жолымен жаһанды мойындатқан саясаткер – еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың алар орны ерекше.
Мемлекет тарихын даңқты тұлғалар арқылы тану яки таразылау мүмкіндігі тәуелсіздік жемістерінің бірі екені рас. Нақтырақ айтқанда, тарихи тұрғыдан дамуға халықтың болмысы мен бітімі негіз болады. Жеке тұлғаның өзі сол қарапайым көпшіліктің арасынан шығады. «Азаттықтың архитекторы» атанған Елбасыға Қазақ елінің керегесін кеңейтіп, болашағын баянды ету және мемлекеттік әрі қарай дамыту оңайға соқпағаны көзіқарақты қауымға белгілі. Себебі азаттықтың баянды болуы мен келешектің кемелділігін қамтамасыз ету жолындағы артылар жүкті абыроймен көтеру, халық сенімін ақтау, тәуелсіздікті тұғырлы ету, Қазақстанды әлемдік қауымдастықтағы көшбасшы елдермен терезесін теңестіру батыл да көреген шешімдер қабылдауды қажет етті.
30 жылға жуық уақыт ішінде ғасырға татитын істер еңсерілді. Ауқымды жұмыстар жүйеленді. Байтағымыздың шекарасын шегендеп, әлемдік қауымдастықты мойындаттық. Көршілерімізбен мәңгілік достықтың, өзара тиімді сауда-экономикалық, мәдени байланыстардың негізін қаладық. Көпұлтты Қазақ елінде ынтымақ пен ырыс, береке мен бірлік үйлесім тапты. Соның арқасында үлгілі ісіміз төрткүл дүниеге мәлім болды. Бүгінгі Қазақстан – іргесі берік, ынтымағы мығым, төрт құбыласын тегіс мойындатқан абыройы асқан ел.
Елбасы ел тізгінін қолға алған сәттен бастап халықаралық және ұлтаралық мәселелер шиеленісінің шешуін асығыстыққа салмай, уақыттың талабына, қазақстандық жолдың ерекшелігіне үйлестіре отырып шешуде даралығымен бірден әлем назарын аударды. Халықтың ықыласына бөленген Нұрсұлтан Назарбаев баянды болашаққа батыл қадамдар жасап, сарабдал саясат жүргізіп, елдің әрдайым биік асуларды бағындыруының басында тұрды. Бұл – Назарбаев жолы еді. Бұл – дамудың «назарбаевтік моделі» болатын.
Желмаясына мініп, «Жерұйығын» іздеген Асан Қайғының идеясы халқымыздың ғасырлар бойғы аңсаған арманына ұласты. Ер етігімен су кешіп, ат ауыздығымен су ішкен кешегі қиын-қыстау замандарда бабаларымыз төрт құбыласы тең, мамыражай тіршілігі, қайырымды қоғамы бар мемлекет құруды, іші мен сырты бүтін мәңгілік ел болуды мұрат етті. Бабалар аманатын жүзеге асыруды мұрат еткен Елбасы «Мәңгілік ел» ұлттық идеясын жариялады. Бұл бастама бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлтымыздың болашағына қатысты ұлы бағдар ретінде еліміздің рухын көтеруге соны серпін берді. «Мәңгілік ел» идеясы – бағзыдан келе жатқан болмысымыздың, өзіндік бітіміміздің заманға сай қайта жаңғыруының, қуатты ел болып қалыптасуымыздың кепілі. Елбасымыз атап өткендей, біздің ортақ мүддеміз – тұрақты, біртұтас және өркендеген Қазақстан құру һәм Мәңгілік ел болу.
Азаттық – біздің мыңжылдықтарға созылып, ғасырларға ұласқан асыл арманымыз еді. Егемендіктің бастапқы жылдарында Елбасы: «Күшіміз – жауапкершілікте. Еркіндігіміз – келісімде. Абыройымыз – игілікте. Бірлігіміз – әралуандықта. Қауіпсіздігіміз – ашықтықта. Тәуелсіздігіміз – серіктестікте. Болашағымыз – бүгінде» деп айтқан болатын. Сол уақытта Нұрсұлтан Назарбаев халқымыздың өзіндік дүниетанымының түпкі мәнін тап басып, оның ең асыл қасиеттеріне жүгінді. Бүгінде бұл құндылықтар біздің басты бағдарымыз, алға сүйрейтін шамшырағымыз іспеттес.
Елорда – өткеннің арманы, ертеңгінің мерейі
Айналасы жиырма жылдың ішінде Есілдің бойына ел қондырып, арқада еңселі ордамызды орнаттық. Сайын даланың төсіне әсем шаһар салып, жаһанға Қазақстан деген абыройлы мемлекет ретінде танылдық. Жаңа астананы салу – өткеннің арманын орындау, бүгінгінің мүддесін түгендеу, ертеңгінің мерейін тасыту. Жаңа елорданы салу – ел орталығын бір қаладан екіншісіне көшіру ғана емес, нағыз стратегиялық бастама, көрегенді шешім.
Аттың жалында, түйенің қомында күн кешкен қиын-қыстау уақыттарда түбі бір түркінің тұлғасы Білге қаған: «Баз кешсек – өкінерміз, қателессек – түзелерміз! Біріксең етті, Елім!» деген тағылымды сөз айтқан екен. Міне, бүгін іргеміз түгел, бірлігіміз бекем, тереземіз өзге елдермен тең. Күллі жұрт таныған ажарлы астана салуымыз соның нақты айғағы іспеттес.
Бұл жетістіктің барлығына қазақ баласы ұрыс-керіссіз, дау-жанжалсыз, жасампаздық һәм бейбіт жол арқылы жетті. Ол «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған», бірлігі мығым елі бар халықтың ғана қолынан келмек. Расында да, бүгінгідей алмағайып заманда даңқы артқан, сәулеті асқан елорда салу теңдессіз ерліктен де әлдеқайда қиын.
Тарихтың тереңін зерделейтін болсақ, әлемде қалалар мен астаналар салған адамдар болған. Атап айтқанда, Ресейде Санкт-Петерборды I Петр салса, Бразилия президентінің бастамасымен елдің жаңа орталығы еңсе тіктеді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың батыл шешімі бойынша бой көтерген жаңа елорда архитектуралық қана емес, сондай-ақ Қазақстан тәуелсіздігінің, билік пен халықтың бірлігінің жоғарғы саяси нышаны, мемлекеттің көрнекті туындысы.
Елбасы бұл турасында «Сарыарқаның төрінде жай ғана Астана пайда болған жоқ, әлемнің болашақ бесігі келді. Астана тарихы мен қазақстандықтардың тағдыры өзара байланысқан. Егер біздің тарихымызда Астана болмаса, Қазақстан бүгінгі жетістіктерге жетпес еді. Астана Тәуелсіздіктің туындысы, өз кезегінде Астана біздің Тәуелсіздігімізді нығайтып, оны әрі қарай дамытуда» деген тағылымды ой айтқан болатын.
1999 жылы ЮНЕСКО-ның шешімімен елордаға «Бейбітшілік қаласы» деген жоғары атақ берілді. Әлемдік беделді ұйым тарапынан мұндай марапатқа ие болудың себептері де жоқ емес. Өйткені кешегі Астана, бүгінгі Нұр-Сұлтан – бұл бейбітшілік мәселелерін талқылап, конфессияаралық келісім құратын қала. Қазақтың елордасы – бұл өзінің төл тарихында ұлы өркениеттердің тарихи яки мәдени мұралары тоғысатын негізгі орталығы.
Тәуелсіз Қазақстанның үнемі даму үстінде екендігінің куәсіндей, оның Арқа төсінен бой көтерген ару астанасының ажары жылдан-жылға артуда. Талай жаһандық маңызы бар дүбірлі жиындар өткен елорданың келбетіне, оның болашағының зор екендігіне таңданбаған кісі кемде-кем болар. Ұлттың ұясына, қазақтың алтын бесігіне айналған Ұлы Даланың басты шаһары елімізбен бірге өсіп-өркендейтініне кәміл сенімдіміз.
Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі
«Бұл заман білекке сенетін емес, білімге сенетін заман. Заманауи әлемде елдің қуаты ең алдымен білім мен ғылымда болатын уақытқа келдік. Терең білім – тәуелсіздігіміздің тірегі, ақыл-ой – азаттығымыздың алдаспаны» деп пайымды ой айтқан Елбасы тәуелсіздік жылдарында білім беру саласына ұдайы назар аударып келеді. Осы уақыт аралығында білім берудің сапасын жаңа деңгейге көтеру талабын асты мақсат етіп қойып, бүгінде білімнің адами капиталдың арттырудың алғышарты екеніне басымдық берді.
Расында да ғылым мен техникалық прогресс күн өткен сайын әлемге өзіндік жаңашылдығымен, инновациялық жаңа жобаларымен, заманауи технологиялық өзгерістерді алып келуімен ерекшеленуде. Кез келген технологиялық өзгеріс қай мемлекеттің болмасын экономикалық дамуында белгілі бір деңгейде серпіліс алып келері сөзсіз. Ал ғылыми жаңашылдыққа ілесе алмаған мемлекет экономикалық дамуында қандай да бір қиыншылықтарға тап болатындығын әлемдік тәжірибе жиі көрсетуде.
Мемлекетіміздің ғылыми жаңашылдыққа ұмтылуына серпін берер күш – жастарымыз. Санасы сергек, жаңа технологияларды меңгерген өскелең ұрпақ Қазақстанның бәсекеге қабілетті елдерінің сапына қосуға үлес қосатындығына сенімдіміз. Бұл орайда жастарды жақсылық пен ізгілікке, білімділік пен білгірлікке тәрбиелейтін педагог еңбегінің маңызы ауқымды. Заңғар қаламгеріміз Мұхтар Әуезов: «Ұстаздық – ұлы нәрсе» деген сөзі қай уақытта да ұстаз қызметіне берілген әділ де үздік баға болып қала бермек.
Тұңғыш Президентіміз негізін қалап, болашақ мақсаты мен мұратын нықтап берген Тәуелсіз мемлекетіміздің стратегиялық жоспарларын жүзеге асыруда, еліміздің одан арғы әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуын жалғастыруда ұстаз қауымы атқарар міндет пен парыз орасан зор.
Елбасы: «Қазіргі таңда жеке адам ғана емес, тұтас халықтың өзі бәсекелік қабілетін арттырса ғана табысқа жетуге мүмкіндік алады», – деп атап өтіп, әлем елдерінің алдыңғы сапында жүру үшін бәсекеге қабілеттіліктің бірінші кезектегі мәселе болатынын айтты. Ал бәсекеге қабілеттілікті қалыптастырып, оны ұдайы арттырып отыру үшін білімнің атқаратын рөлі айрықша зор екені белгілі. Осы орайда отандық жоғары оқу орындары тек білім берумен ғана шектелмей, олар – білім мен ғылымды ілгерілетуде негізгі локомотив рөлін атқаруы тиіс.
Бүгінгі жастар болашақтың кілті сапалы білім мен ғылым екенін айқын түсініп келеді. Өркениет көшіне бет бұрған қыруар істің алтын арқауы болып есептелетін ғылыми-техникалық және экономикалық прогрестің негізгі қозғаушы күші – білім. Білім бар жерде даму, жетілу, кемелдену үрдісі бір сәтке де толастамайды. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Әлем жаһандану, инновациялар мен технологиялардың жедел даму дәуіріне аяқ басты. «Білім экономикасына» өту адамзат дамуының жаңа кезеңі болып табылады. Және Қазақстан бұл үдерістердің шетінде, әлемдік дамудың шалғайында қалмауы тиіс. Біз Қазақстанның әлемдегі бәсекеге қабілетті 30 елдің қатарына ену ұлттық стратегиясын жүзеге асыруға кірістік және алдымызға сапалық тұрғыдан жаңа экономика мен адам өмірінің стандарттарын қалыптастыру міндетін қойдық. Ол бәрімізден аса зор күш-жігер мен білімді талап етеді. Біз болашағынан үміт күттіретін ғалымдарды дайындауға ерекше назар аударатын боламыз» деп, әлемдік экономикалық даму тенденциясы қазақстандық ғалымдардың алдына инновация түріндегі экономиканы қалыптастыру міндетін жеткізген болатын. Бұл тұрғыда отандық жоғары оқу орындарының атқаратын рөлі өте зор. ЖОО-лардың барлық даму даму жоспарларында білім және ғылым салаларына зор мән беріледі. Ғылымның жағдайы білім деңгейіне тікелей байланысты. Егер білім беру жүйесін оның алғашқы сатысынан бастап дамытпасақ, елеулі нәтижеге қол жеткізе алмайтындығымыз белгілі. Сондықтан да білім беру жүйесі үздіксіз жетіліп отыруы тиіс.
Еліміз егемендік жылдарында үнемі жаһандық жаңа үрдістерді қолдап келеді. Мақсат – айқын. Халықтың әл-ауқаты мен тұрмыстық әлеуетін арттыру. Соның ішінде Елбасы жоғары білім беруге қатысты, педагог мәртебесі жайында бірқатар маңызды міндеттер мен нақты жұмыстардың іске асуына ұйытқы болды. Мәселен, бір ғана «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы – қазақстандық ұстаздар қауымының қоғамдағы беделін арттырып, орнын айшықтауға бағытталған зор қадам болды. 21 баптан тұратын жаңа Заң жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Онда төрт бағыт қамтылған. Біріншіден, педагогтардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынтыландыру тетіктері және төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары.
Бұл бастама өз кезегінде білікті де білімді, «ұстаз» деген атқа лайықты нағыз мамандар мектебінің қалыптасуына негіз болады. Сонымен қатар аталған Заң мұғалім беделін арттырумен қатар, педагог кадрларын даярлайтын оқу орындарының да маңызын айқындап, орнын айшықтауға ұйытқы болды.
Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей
Тағылымды тәрбие мен өрісті білімнің іргелі ордасы атанған, көзіқарақты зиялы қауым «ізеттілік пен үлгі-өнеге отауы» деп ат қойып, айдар таққан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті өз қызметінде қазақстандық патриотизмді, Елбасының «Мәңгілік ел» жалпыұлттық идеясын басты бағдар ретінде ұстайды. 75 жылдан астам тарихы бар, «ұстаздардың ұстаханасы» атанған оқу орны – еліміздегі бірден-бір тек қыздар оқитын білім ордасы. Орта Азия аймағында мұндай оқу орны жоқ. Әлемде де саусақпен санарлықтай. 1944 жылы ашылған бірегей білім ұясының 90-жылдардың басында жабылуы мүмкін екендігі турасында ел арасында қауесет тарағаны рас. Десе де Елбасының тікелей қолдауының арқасында оқу орны жабылмай, білікті де білімді кадрларды даярлауды одан әрмен жалғастыруды қолға алды. Оқу орнының деңгейі уақыт ағымына сай өсіп, беделі артты. Институттан Ұлттық университет мәртебесіне көтерілді. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің назарындағы Қыздар университетінің әлеуеті де заман ағымына сай жаңғыртылуда. Парасат мектебіне айналған қазыналы қарашаңырақ дамудың жаңа кезеңдеріне бағыт алып, уақыт сұранысына сай маман даярлаудың тың бағыттарына бет бұрды.
Елбасы университетке келген арнайы сапарында оқу орнының өзіндік ерекшелігіне маңыз беріп, бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей екендігін атап өткен болатын. Зерделей білген, көзі ашық, көкірегі ояу жан бұл сөздің астарында терең мән-мағына жатқандығын аңғарады. Бүгінгі бойжеткен – болашақ жар, еріне тірек, ұрпағына үлгі болар, отбасының ұйытқысына айналар абзал ана. Ұлттың ертеңі, мемлекеттің болашағы ретінде әспеттелер өскелең ұрпақ тәрбиесінде бабалардан мирас болып қалған игіліктер мен ізгіліктердің алар орны, атқаратын рөлі ерекше. Сондықтан да университет ұжымы өз қызметінде кісіліктің кілтін ұсынған кемеңгер әл-Фарабидің «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген ұлағатты сөзін басты бағдар ретінде ұстанады. Қазақ халқы қай кезеңде болмасын қыз бала тәрбиесіне жете мән берген. Ол – мәдениеттілікті идеалға бағдарлау арқылы яғни халыққа сыйлы адамдардың өнегелі ісін, рухани адамгершілік мәдениетін, беделі мен мінез-құлқын, білімі мен қабілетіне, қарым-қатынас мәдениетін үлгі ету арқылы қалыптастырған.
Еліміздің жаһанның дамыған, көшбасшы мемлекеттер қатарына тек экономикалық немесе әлеуметтік тұрғыдан ғана емес сондай-ақ өзіндік озық дәстүрлерімен де енуі тиіс. Бұл үшін бүгінгі қоғам талабын ескере отырып тәрбие мен дәстүрді қайта зерделеу қажет. Бұл турасында Елбасы: «Біздің қоғам арды бағалайтын, белсенді, жоғары моральды, әдепті және рухани байлығы мол адамдардан тұруы керек. Қазақстанның бірегей халықтарының ұлтаралық және мәдениетаралық ынтымағы мен жетілуін қамтамасыз ете отырып, қазақ халқының көп ғасырлық дәстүрлерін, тілі мен мәдениетін сақтаймыз және дамыта түсеміз» деп атап өткен болатын.
Ұрпақ тәрбиешісі ретінде әспеттелер болашақ мұғалімдерді ұлттық құндылықтар негізінде даярлау орайында университетте «Қазақ аруы» атты курс оқу үдерісіне енгізілген. Ұлт болашағы – өскелең ұрпақты дайындауға үлес қосатын болашақ мұғалімдердің сан қырлы болуына, олардың қоғамдағы әлеуметтік және отбасындағы этноәлеуметтік рөлдерді мүлтіксіз атқаруына себепкер болуына «Қазақ аруының» тигізер септігі зор. Бұл – Елбасының бастамасымен қолға алынған «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен сабақтас дүние. Осы бағдарлама шеңберінде университетте ұлттық мұрамызды ұлықтап, төл мәдениетімізді жаңғыртуға бағытталған бірқатар жобалар да жүзеге асырылды. Соның бірі – тұңғыш рет ұйымдастырылған «Киелі бесік» республикалық байқауы. Мақсат – Қазақ елін мекендейтін түрлі этнос өкілдері мен халықтардың салт-дәстүрін насихаттау, ұлттық мәдениетті нығайту, өскелең ұрпақты отбасы құндылығын бағалай отырып құрметтеуге, мейірбандық пен ұлттық кодты сақтауға тәрбиелеу және талантты жастарды анықтау.
Сондай-ақ бұл фестиваль – бабадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қазыналарымызды қадірлеуге, жастарды отбасылық құндылықтарды құрметтеуге үндейді. Ал зияткерлік әлеуеті биік, салауатты өмір салтын ұстанатын қазақ қызының жаңа образын насихаттауды басты мақсат еткен «Қыз Жібек» клубының филиалдары еліміздің барлық өңіріндегі жоғары оқу орындарында ашылып, бүгінгі қазақ қызының бейнесін қалыптастыруға үлес қосуда.
Университет ғасырға жуық уақыт аралығында өзінің бет-бейнесін қалыптастырды, бірегей жолын таңдады. Осы жылдары ұлағат ұясында білім және ғылым саласындағы халқымыздың даңқты тұлғалары мен ұлт зиялылары қызмет атқарып, оқу орнының қабырғасында алпыс мыңнан астам білікті маман даярланды. Күні бүгінге дейін қол жеткен табыстарды сақтап, оны еселей түсу бізге жүктелген жауапкершілік. Биыл қазақстандық педагогикалық жоғары оқу орындары арасында ең алғашқылардың бірі болып Қыздар университеті педагогикалық білім беруді трансформациялауды қолға алды. Бұл – университетті еліміздің педагогика саласында көшбасшы ретінде қалыптасуына мүмкіндік беру. Бұл оқу орнының бәсекелік қабілетін арттырып, білім берудегі әлемдік трендтерді өз жұмысында қолдануына жол ашу. Осы орайда айта кетейін, трансформациялау жұмысына Тұңғыш Президент қорының «Ел үміті» жобасының менеджерлері мен Білім және ғылым министрлігінің өкілдері жетекшілік жасады. Кез келген трансформация академиялық, ғылыми-зерттеу және кадр саясатындағы және ұйымдық-басқару қызметіндегі елеулі өзгерістермен қатар жүреді. Осыны назарға ала отырып, университеттің ұйымдық құрылымына факультеттерді жоғары мектептерге айналдырудың жаңа моделін кезең-кезеңімен енгізуді қолға алынды. Трансформациялау процесі барысында академиялық және басқарушылық дербестік берілді, білім бағдарламаларының контенті қайта өңделді және 7 негізгі трек енгізілді. Алдағы уақытта көшбасшы бағдарламалар институты қалыптасады, жаңа білім беру өнімдері ұсынылады және студенттік өзін-өзі басқару кеңейтіледі. Сондай-ақ педагогиканың ұлттық моделін қалыптастыру үшін зерттеу кластерлері анықталып, таланттарды басқару қолға алынады. Ең бастысы – оқу орны уақыт сұранысына, заман ағымына сәйкес дамудың жаңа белесіне бет бұрды. Трансформациялаудың көздеген тағы бір мақсаты – ауыл мен қала мектебі арасындағы айырмашылықты азайту. Қыздар университеті студенттерінің 90 пайызға жуығы аймақтардан құралатындықтан, «Дипломмен – ауылға» мемлекеттік бағдарламасы түлектер үшін өзекті әрі үлкен сұранысқа ие. Жыл сайын аталған бағдарлама шеңберінде Қыздар университетін тәмамдаған мыңдаған маман еліміздің ауылдық аймағына барып, білім беру ұйымдарында жұмысқа тұрады. Осыған орай білім алушылардың теориямен қатар тәжірибені ұштастыруына көп көңіл бөлінеді. Бүгінде университеттің барлық білім беру бағдарламалары тәжірибеге бағытталған. Атап айтқанда, алғашқы курс студенттері аптаның бір күнінде мектептерде оқу-тәрбиелік, екінші курста психологиялық-педагогикалық, 3-4 курс студенттері педагогикалық іс тәжірибелерінен өтеді. Осы шаралар барысында студент білім беру мекемелеріндегі жұмысты толық меңгеріп шығады. Былтырдан бастап білім беру бағдарламаларының мазмұнына практикаға бағдарланған пәндердің 75 пайызы енгізіліп, кәсіптік практикаға бөлінген кредиттер саны 21-ден 26-ға дейін ұлғайтылды.
2019 жылдан бастап Қазақстанның жоғары оқу орындарына берілген академиялық еркіндік шеңберінде университет жұмыс берушілермен белсенді ынтымақтастық орнатты, оларды білім беру бағдарламаларын жобалау мен жетілдіру жұмыстарына қатыстырды. Білім беру бағдарламаларына енгізілген барлық өзгерістер еңбек нарығының сұранысы мен қазіргі заман қойған талаптарға сәйкестігіне қарай сараптамадан өтті. Университет өңірлік басқармалармен, білім бөлімдерімен, сондай-ақ біздің студенттер практикадан өтіп, түлектер жұмысқа орналасатын мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарымен тікелей келісімшарттар жасасты.
Бұл жаңашылдық ұжыммен қатар білім алушыларға да зор жауапкершілік жүктейді. Жуырда университеттің 200-ден астам студенті «Birge oqý» платформасында «Онлайн педагогика 2.0» курсының іріктеуіне қатысып, оның ішінде 50 студент Елбасы Академиясы мен Нұрсұлтан Назарбаев Қорының онлайн мектебіне тьютор ретінде қабылданды.
Аталған жобаның көздеген мақсаты – елдегі қашықтан білім беруді оңтайлы ұйымдастыру. Шара шеңберінде кәсіби мамандармен қатар университет студенттері мұғалімдер мен оқушыларға және ата-аналарға екі тілде дәріс береді. «Birge oqý» педагогтерға қашықтан білім берудің қыр-сырын түсіндіретін көмекші құрал іспеттес. Платформа уақыт өткен сайын онлайн білім беру әлемінде мұғалімнің бағыт беруші таптырмас серігіне айналып келеді. Дәріс барысында қашықтан оқытудың негізгі құралдары, нұсқаулықтары мен техникасы көрсетіледі. Сондай-ақ сабақты неден бастау керектігі жөнінде тиісті кеңестер айтылып, жұмысты ұйымдастырудың қарапайым тәсілдері ұсынылады. Бұл өз кезегінде Қыздар университетінің қабырғасында білім алып жүрген болашақ педагогтердың кәсіби тұрғыдан шыңдалуына септігін тигізбек. Курс барысында студенттер екі тілде қашықтан оқытудың терминологиясы мен негізгі қағидаларын және онлайн білім берудің жаңа технологиялары мен әдіс-тәсілдерін жан-жақты меңгерді. Бүгінде олар еліміздегі ауылдық елдімекендердегі мектеп мұғалімдері мен оқушыларына қашықтан білім беруді ұтымды ұйымдастыру бойынша көмек көрсетуде. Жаңа мыңжылдықта білімі мен білігі үйлескен мамандардың бәсі басым болмақ. Бұны уақыттың өзі айқындап отыр. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу міндеті тұр.
Сөзімнің соңында Елбасының «Бір қызды тәрбиелеу – бір ұлтты тәрбиелеумен бірдей» деген ұлағатты сөзін тағы да қайталап айтқым келеді. Бұл сөз өскелең жасты еліміздің тұтқасы, қатарының көшбасшысы етіп тәрбиелеуді мақсат тұтқан университет ұжымының басты бағдары, жол сілтер шамшырағы.
Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі
Бөлісу: