QYZPU ғалымдары Алматының ауасын тазарту бойынша зерттеу жұмыстарын қайда жүргізетіндіктерін көрсетті
-
08 қаңтар, 2024
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиологтары мен генетиктері ауадағы зиянды қалдықтарды бойына қарқынды сіңіретін өсімдіктерді өсіретін жерді көрсетті. Ғылыми зерттеулерге арналған учаскенің жалпы аумағы 9 гектар. Оның 2 гектарында қазіргі кезде жеміс ағаштары өсіп тұр. Яғни ауаны тазартуға бағытталған ғылыми жұмыстар қалған 7 гектарында жүргізіледі.
Жер Алматы облысындағы Көлді агробиостансасының маңында орналасқан. Ал көшеттерді ғалымдар қазірден дайындап жатыр. Әзірге үш түрлі ағаш, атап айтқанда арша, каштан және емен өсіруде. Ғалымдардың айтуынша, каштан, емен мен аршаның бірнеше түрі бар. Зерттеу барысында солардың ең тиімділерін анықтап, содан егу жұмыстарын бастайды.
Ағзаны тазартатын препарат үшін Шығыс Қазақстаннан әкелінетін Алтай үшқаты өсімдігі де осында егіледі.
Естеріңізге салсақ, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің физиолог-генетиктері Алматы қаласының ауасын тазартудың инновациялық әдісін ойлап тапты. Ол үшін бір топ ғалым зиянды заттарды бойына қарқынды сіңіретін өсімдіктерді өсірмек. Қала тұрғындарының денсаулығы мен экологияны жақсартуға бағытталған ғылыми-өндірістік жұмыстар биыл көктемде басталады.
Бөлісу: