QYZPU-да жасанды интеллектті игеру қарқынды жүріп жатыр



    • QYZPU-да жасанды интеллектті игеру қарқынды жүріп жатыр

      Бұған Латвияның белгілі ғалымы Елена Чайко септігін тигізді. Ригадағы техникалық университеттен арнайы шақыртумен келген профессор бір ай бойы Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің информатика және физика кафедраларының студенттеріне «Білім берудегі жасанды интеллект» тақырыбында дәрістер мен зертханалық сабақтар өткізді.

      Бұл сабақтар болашақ мұғалімдерге білім беру процесіне заманауи технологияларды тиімді енгізуге көмектеседі. Профессор Чайко өткізген дәрістер мен практикалық сабақтар студенттердің жасанды интеллект саласындағы білімі мен заманауи технологиялық өзгерістерден хабарын кеңейтті. Сонымен қатар профессор Чайко информатика білім беру бағдарламасының магистранттары мен докторанттарына ғылыми-зерттеу жұмыстары бойынша кеңес беріп, қолдау көрсетті.

                                                           

      Тек студенттер қауымы ғана емес, оқытушылар да Латвиялық ғалымнан құнды ақпараттар алды. Атап айтқанда, белгілі ғалым Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының профессор-оқытушыларына «Білім беруде жасанды интеллектіні пайдалану мәселелері» тақырыбында семинар өткізіп, жаһандық білім беруді ақпараттандыру мәселелерін түсіндірді. Семинар барысында халықаралық ғылыми жобаларды бірлесіп жүзеге асыру, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктері де қарастырылды.

                                                                                 

      Айта кетейік, PhD. Елена Чайко Рига техникалық университетінің тәжірибелі профессоры және ғылыми қызметкері. Ол жасанды интеллект, машиналық оқыту, Python, сымсыз байланысты оқытудың озық әдістері бойынша күрделі зерттеулер жүргізген, сондай-ақ оны білім беру ісіне белсенді енгізіп келеді. Тәжірибесі ауқымды және ғылымға қосқан үлесі зор доктор Scopus және Web of Science базаларын қоса есептегенде 30-дан астам ғылыми мақала жариялаған.

      Жасанды интеллект саласында мұндай білгір маманның Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне келуі студенттер мен оқытушылар үшін аса маңызды. Өйткені бұл ғылым мен білім саласындағы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған қадам.

      Бөлісу: