QYZPU мен Қазақ ұлттық медицина университеті клиникалық психологтарды бірлесіп дайындайтын болды



    • QYZPU мен Қазақ ұлттық медицина университеті клиникалық психологтарды бірлесіп дайындайтын болды

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті «Клиникалық психология» бағытында қос диплом бағдарламасын іске асыратын болды. Бұл жөнінде екі жоғары оқу орнының ректорларының кездесуінде ресми жарияланды. Атап айтқанда, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің ректоры Гүлмира Қанай мен Қазақ ұлттық медицина университетінің ректоры Марат Шоранов стратегиялық әріптес болуға келісіп, меморандумға қол қойды. Осылайша қос бірдей ұлттық университет Қазақстан жастарына педагогикалық және медициналық білімді қоса игеруге жол ашты. 

      Аталмыш қос диплом бағдарламасы денсаулық сақтау саласында маңызды мамандықты игеруге мүмкіндік береді. Оқуды аяқтағаннан кейін әрбір түлек екі диплом алады, оның бірі – педагогикалық университеттің бакалавр дипломы және медициналық диплом. «Клиникалық психологияда» диагностика әдістері, психокоррекциялық тәсілдер, суицидология негіздері, анатомия, физиология, психосоматикалық медицина, психиатрия және сот медицинасы негіздері, неврология, ішкі аурулар негіздері секілді ең маңызды салалар қамтылады. Ал мамандар тек мемлекеттік қана емес, жеке медициналық мекемелерде қызмет атқарып, сондай-ақ өзінің жеке кәсібін де аша алады. 

                                                      

      Кездесуде университет 2024-2025 оқу жылына мемлекеттік білім гранттарын бөлу, 2024-2025 оқу жылына қабылдау бойынша кәсіптік бағдарлау жұмысын жүргізу, сондай-ақ аккредиттеуден өту мәселелері талқыланды. 

                                                                                 

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті мен Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің арасындағы әріптестік мұнымен тоқтап қалмақ емес. Тараптар «Арнайы педагогика» бағыты бойынша да қос диплом бағдарламасын іске асыруды көздеп отыр.

      Бөлісу: