QYZPU-да қазақстандық ғылыми журналдардың жағдайы мен даму перспективалары талқыланды



    • QYZPU-да қазақстандық ғылыми журналдардың жағдайы мен даму перспективалары талқыланды

      Арулардың ақ ордасында 140-тан астам отандық ғылыми журналдардың редакторлары мен қазақстандық университеттердің ғылыми жұмыс жөніндегі проректорлары, сондай-ақ Clarivate Analytics және Wiley сияқты атақты ғылыми басылымдармен жұмыс істейтін алып компаниялардың өкілдері бас қосты. Олар Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Әділет Тойбаевтың бастамасымен ұйымдастырылған Қазақстандағы ғылыми журналдардың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын талқылау үшін жиналған болатын.

      Ғылыми семинар барысында Комитет ұсынатын басылымдардың соңғы 30 жылдағы трансформациясы, казіргі жағдайы мен даму траекториялары талқыланды. Ғылым жəне жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету Комитетінің төрағасы Əділет Тойбаев басылымдарының тізіміне енгізілген журналдардың жай-күйі, сондай-ақ оларды тізімнен алып тастау себептері туралы түсіндірді. Оған қоса, өзге мақалаларды көшіріп басу жайттары мен  талапқа сай келмейтін мақалаларды атын атап, түсін түстеді.

                                                   

      Ал «Journal of clinical medicine of Kazakhstan» журналының бас редакторы Әбдужаппар Ғайпов рецензенттерді іздеу және іріктеу мәселесіне ерекше назар аударды. Clarivate Analytics компаниясының өкілі Инеш Кенжина болса халықаралық журналдарды шығару бойынша ұсыныс жасады.

                                                                                         

      Семинарға Германия мен Ұлыбританияның ғылыми журналдарының редакторлары да онлайн қосылды. Wiley Batteries & Supercaps және ChemElectroChem журналдарының бас редакторы Росальба Ринкон химия бойынша Еуропалық қоғам журналдарының стандарттарымен бөліссе, Tailor and Francis, Emerald Publishing журналдарының редакциялық алқасының мүшесі Абрахам Альтонаян редакциялық алқа жұмысының принциптері туралы айтып берді.

                                                                                                                               

      «Қазақстан археологиясы» журналының жауапты хатшылары Ғалия Базарбаева мен Гүлнәр Жұмабекова өз басылымдарын Scopus базасына енгізуге дайындықтары туралы айтса, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің «Eurasian journal of Chemistry» журналының атқарушы редакторы Ирина Пустолайкина журналдың ребрендингі тақырыбын көтерді. Ал «Milli folklore» журналы редколлегиясының мүшесі, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті Бекарыс Нұриман гуманитарлық саладағы мақалаларды рецензиялау ерекшеліктерін атады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ «Physical Science and Technology» журналының ғылыми редакторы Мұхит Мұратов Scopus-пен қалай жұмыс істеп жатқандығын жеткізді. Осылайша редакторлар отандық ғылыми журналдарды дамыту бойынша өз идеяларын ортаға салды.  

                                                                                                                               

      Семинар аясында Ғылым және жоғары білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету комитеті төрағасының орынбасары Қарлығаш Сәкенова Алматы қаласы жоғары оқу орындарының докторанттарымен кездесті. Ғылымның болашақ көшбасшылары министрлік өкіліне қорғауға қатысты сұрақтарын қойып, зерттеу жобалары мен жетістіктерімен бөлісті. Қарлығаш Сәкенова еліміздің білім беру жүйесін дамытуда зерттеудің маңыздылығын атап өтті.

                                                        

                                                                                   

       

      Бөлісу: