Зейнеп Ахметова QYZPU студенттерімен кездесті
-
29 қараша, 2023
Белгілі қаламгер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі, қазақ батыры Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова арулардың ақ ордасының қадірлі қонағы болды. Қазақтың сан ғасырлық өнегелі тәрбиесін ел арасында насихаттап жүрген жазушы оқу ордасының 80 жылдық торқалы тойы қарсаңында жастармен кездесіп, ата мен келіннің, әке мен баланың, ұлт пен ұрпақ арасындағы берік ара-қатынас жайлы шығармалары мен естеліктері жайында әңгімелесті.
Атап айтқанда, қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлеріне қалам тербеген қаламгер "Шуақты күндер", "Бабалар аманаты", "Күретамыр", "Әзіліңді сағындық", "Жетілік ұғым", "Теңбіл тіршілік" деген кітаптары туралы студенттердің сан сауалына жауап берді.
Аты аңызға айналған қазақтың қайсар да батыр ұлы Бауыржан Момышұлының қайталанбас кісілік қасиеттері мен бекзат болмысы өзге қырынан танылып, ұрпақтар сабақтастығы мен тәрбие тұнығы бір арнаға тоғысқан отбасының игі дәстүрлері, тағы да сол сияқты жөн-жоралғыларды суреттеп көрсете білген жалғыз ұлының жұбайы, келіні Зейнеп Ахметованың естеліктері студенттердің зор қызығушылығын тудырған.
Өз өмірінде кездескен шынайы хикаяттар мен қазақ болмысына тән әдеп-ибаның ғажап көрінісі, қазақ әйелінің менталитетіне сай ұлттық қадір-қасиет туралы сөз қозғаған Зейнеп Ахметова студенттерге бұл кітаптарды жазуға ой қайдан туғанын да айтып берді.
Қазақтың ұлттық болмысы, бабалардан жалғасқан дәстүр сабақтастығы сөз болған кездесуде Зейнеп Ахметова асыл жары Бақытжан Момышұлыны ел айналасына шуақ шаша күлдіретін сәттерін көз алдарына елестетіп, көтеріңкі көңілмен естеріне алсын деген ниетте өмірден өткеніне жыл толғанда естелік ретінде шығарған кітабы туралы да баяндады.
Инабаттылық пен кішіпейілділік сияқты қасиеттерді, бабалар аманатын ішіңізде тұншықтырмай, өсіп келе жатқан жастарға атаның өсиеті ретінде айтып, өнеге ретінде таратып жүрген белгілі жазушыға университет басшылығы алғысын білдіріп, кішігірім сыйлығын тарту етті.
Бөлісу: