QYZPU тарихында тұңғыш мәрте асық ату мен бес асықтан турнир өтті



    • QYZPU тарихында тұңғыш мәрте асық ату мен бес асықтан турнир өтті

      Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті 80 жылдығы қарсаңында ҚР Асық ату федерациясымен бірлесіп, мектеп ұстаздары арасында асық ату мен бес асықтан республикалық турнир өткізді. Бұрын-соңды ешбір ұлттық университет ұлттық ойын асықты төрінде ойнатып, мұндай деңгейде жарыс өткізбеген.

                                                         

      Асық атудан өзара мықтыны анықтауға Алматы, Шымкент қалалары мен 13 облыстан жүзге жуық мұғалім жиналды. Турнирге қатысуға дене шынықтыру ғана емес, физика, математика және ағылшын тілі пәндерінің мұғалімдері де қызығушылық білдірді. Ерлер асық атудан жарысса, әйелдер бес асықтан бақ сынады.

                                                                                        

      Асық – ұлттық ойындардың атасы десек, осындай құнды мұраның арулардың ақ ордасында дәріптелуіне қазақ күресінен шыққан тұңғыш Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Қазақ күрес федерациясының тұңғыш президенті, Спорт және дене шынықтыру кафедрасының профессоры Ерғали Мұхиддиновтің, ҚР Асық ату федерациясының бас хатшысы, «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының бас редакторы, Қазақ Спорт және туризм академиясының құрметті профессоры Мұсағали Тасқалиевтың, Алматы қаласы Асық ату федерациясының президенті Мұхтар Тұрсыновтың, асық атудан Алматы қаласының аға жаттықтырушысы Марат Асановтың және «Спорт жұлдыздары» республикалық журналының атқарушы директоры Болатбек Сағымбаевтың үлесі зор болды.

                                                         

      Турнирге бес асықтан Алматы қаласының аға жаттықтырушысы Асан Қанапиянов төрешілік етті.

                                                                                      

      Қазақ баласы ең алғаш қолына асық ұстаған. Сол себепті де бұл ұлттық ойын – салт-дәстүріміз бен мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жарысты өткізудегі мақсаты – мергендікті арттыратын, дәлдікке, есепке, ептілікке үйрететін мәдени мұраны насихаттау, ұлттық ойындар­ды тұрақты ой­найтын орта қалыптастыру.

                                                                                     

      Жеңімпаз атанған ұстаздар диплом және медальдарға ие болды. Осылайша ұлттық университетте ұлттық ойын ұлықталып, ұстаздар қауымы бір жасап қалды. Бұйырса бұл турнир алдағы уақытта жыл сайын өтіп тұратын дәстүрлі турнирге айналмақшы. Барша ұстаздарды марапаттарымен шын жүректен құттықтай отырып, асықтарыңыз әрқашан алшысынан түсе берсін дейміз.

      Бөлісу: