«Сенің домбыраң кімге керек?»: Күйші Мәртебелі Бауыржанқызы ұлттық аспаптың ұлы құпиясымен бөлісті



    • «Сенің домбыраң кімге керек?»: Күйші Мәртебелі Бауыржанқызы ұлттық аспаптың ұлы құпиясымен бөлісті

      Қазақтың домбырашы қызы Мәртебелі Бауыржанқызы арулардың ақ ордасының мәртебелі қонағы болды. Өнерімен қазақ домбырасын әлемге танытып жүрген күйші Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне ұлттық аспабымыз – домбыраның негізгі миссиясы мен өзін аяғынан шалмақ болған адамдар туралы ағынан жарылып айтып берді.

      «Мен Президент стипендиясына ұсынылғанымды қатты қаладым. 2 жыл дайындалдым соған. Бір сабақтан маған 89 деген балл қойып, стипендияға жетпей қалдым. Мен үшін ол өте қатты стресс болды... Бірақ мен оған «рахмет» айтамын. Өйткені соның арқасында мен шетелдік қорлардың байқауларына қатыса бастадым, нәтижесінде 1 жарым, 2 жарым миллион теңгенің гранттарын жеңіп алып, сол маған мотивация берді. Әрбір жеңілістің артында үлкен жетістіктер тұрады! Ішкі жандүниеңізде мақсат болсын деген ниетпен айтып отырмын. Маған «сен домбырашы болмайсың!», «магистратураға түспейсің!», «сенің домбыраң кімге керек?» деп айтқан адамдар көп болды. Сол сөздерден мен қуат алатынмын. «Жоқ, олай емес, нағыз қазақ – домбыра!» – дедім. Домбыра деген біздің заманымыздан келе жатқан 5 мың жылдан бұрын пайда болған біздің руханиятымыз!» – деді әнші.

                                                                                  

      Сондай-ақ өнертану ғылымдарының магистрі қыздарға қиын сәттерде рухты көтерудің құпиясымен бөлісті.  

      «Домбыраның о бастағы миссиясы – халықты рухтандыру. Домбыра – мотивациялық құрал, ол біздің жанымыз! Рухтарыңызды көтергілеріңіз келсе, терме тыңдаңыздар!» – деген домбырашы Махамбетті мысалға келтірді, мысалға келтіріп қана қоймай, туындыларын да орындап берді. Сонымен бірге барша Тұранға ортақ батыр – Көрұғылы, Адай күйлері мен Нұртуған жыраудың «Қанекей, тілім сөйлеші» термесін тартып, көпшіліктің құлақ құрышын қандырды. Естір құлаққа ғибратты жыр-термелер орындаған күйшіден студенттер мотивация ғана емес,  психологиялық кеңес те алды.  

                                                 

      «Кез келген нәрседе қорқыныш болады, бірақ қорқыныш – сылтау. Сіз бір рет бастап көріңіз. Тіпті, болмаған жағдайда, сіз көрдіңіз, тәжірибе – ақшаға сатылмайтын дүние», – деді Мәртебелі Бауыржанқызы өз кәсібін бастағысы келетін қыздарға.

      Мәртебелі қонаққа құрмет көрсеткен Инфрақұрылымдық даму жөніндегі проректор Еркін Дүсіпов: «Әрбір қазақ «елім» деп өмір сүруі керек, біздің туымызды желбіретіп жүргеніңізге біз қуаныштымыз!» – деп қазақ күйлерінің тарихын ағылшын тіліне аударған алғашқы қазақ қызы Мәртебелі Бауыржанқызына алғысын айтып, гүл мен сыйлық табыстады. 

      Айта кетейік, белгілі домбырашы Мәртебелі Бауыржанқызымен кездесуді «Қыздар көшбасшылығы мен кәсіпкерлік» орталығы ұйымдастарды.

      Бөлісу: