QYZPU-да болашақ педагогтардың зерттеушілік әлеуетін дамыту мәселесі талқыланды



    • QYZPU-да болашақ педагогтардың зерттеушілік әлеуетін дамыту мәселесі талқыланды

      2023 жылдың 10 қарашасында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде рефлексивті педагогтарды даярлау мәселесіне арналған Оқу-әдістемелік бірлестік – Жобаларды басқару топтарының отырысы өтті. Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова төрағалық еткен жиынға онлайн және офлайн форматта еліміздің 21 жоғары оқу орнынан өкілдер қатысты.   

      Болашақ педагогтардың зерттеу қабілетін дамытуды көздеген кездесуде маңызды үш бағыт қаралды, олар: «012 - Мектепке дейінгі оқыту және тәрбиелеу», «013-Пәндік мамандандырылмаған мұғалімдерді даярлау», «018 –Әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану мамандарын даярлау».

      Ғылыми жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректор Закир Жұмақұлов «Жаһандық зерттеу кеңістігіне кіру» тақырыбында баяндама жасады. Ал академиялық бағдарламаларды әзірлеу және сапаны қамтамасыз ету департаментінің директоры Аида Мейірқұлова болса, Lesson Study тәсілін қолдану негізінде болашақ мұғалімдердің зерттеу дағдыларын дамыту жөнінде айтып берді.

                                                                                    

      Педагогика және ғылым саласындағы сарапшылар да рефлексивті педагогтарды даярлау мәселесінде өз ойларын қосты. Мәселен, Л. Н. Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры Сайра Жиенбаева студенттердің ғылыми зерттеу әрекеттің әлеуеті және қиындықтарын ортаға салса, Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің қауымдастырылған профессоры, ф. ғ. к. Айсұлу Шаяхметова «Мектепке дейінгі білім беру орталығы - университеттің әлеуметтік саясатындағы инновация» тақырыбында өз зерттеуін ұсынды.

      Жобалық оқыту  негізінде педагогикалық мамандық студенттерінің интеллектуалдық әлеуетін дамыту, бастауыш сынып мұғалімдерінің әлеуметтік жағдайы, дайындау, білімін жетілдіру мәселері де осы отырыста көтерілді. Сарапшылар ұсынылған баяндамаларды қызу талқылап, өз ұсыныстарын айтты. Мұндай басқосулардың педагогика саласында тәжірибе алмасуға және инновацияларды ынталандыруға ықпал ететіні сөзсіз.

                                                                                

       

      Бөлісу: