QYZPU географтары жаңа электрондық оқулыққа куәлік алды
-
06 қараша, 2023
Ұлттық зияткерлік меншік институты Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің географ-ғалымдары жасап шығарған электрондық оқулыққа куәлік берді. «Қазақстанның экономикалық және әлеуметтік географиясы» деп аталатын жаңа оқулықты студенттер мен оқытушылар қауымы пайдалануды бастап кетті.
Яғни бұдан былай студенттерге география оқулығын арқалап жүрудің қажеті жоқ. Арнайы сілтеме арқылы компьютерден ғана емес, смартфоннан қарап, сабағын оқи алады.
Оқулықтың ерекшелігі сол – географиялық мәліметтер түгел жаңартылған. Атап айтқанда, ғалымдар білім материалына Абай, Ұлытау және Жетісу облыстары туралы мәліметтерді қосып, Қазақстанның толыққанды картасын жасап шығарды. Ал мазмұны 15 практикалық тақырыптан тұрады. Атап айтқанда, Қазақстан халқының географиясы, отын-энергетика, металлургия, машина жасау, агроөнеркәсіп кешендері мен химия өнеркәсібі сынды аса маңызды салалар қамтылған.
Қазақ тіліндегі электрондық оқулықтың авторлары – қауымдастырылған профессордың м.а, бағдарлама көшбасшысы Ердаулет Тулегенов, «Еңбек ардагері» медалінің иегері, география ғылымдарының кандидаты, доцент Нурсипа Карменова және аға оқытушы Мақпал Тоқсабаева. Бірінші автор Ердаулет Тулегеновтың айтуынша, осындай тиімді оқулықты жасау идеясы ғалымдарды біраз жылдан бері толғандырып жүрген екен. Сондай-ақ оқулықтағы мәліметтер тек студенттерге ғана емес, мектеп бітірушілеріне ҰБТ тапсыруға пайдасын тигізбек дейді географтар.
Бөлісу: