Братиславалық ғалымдар ізденіс жолындағы тың мәліметтерімен бөлісті
-
06 қараша, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық унивеситетіне ғылым және техника саласындағы құнды тәжірибелерімен бөлісуге сонау Словакиядан 4 бірдей ғалым келді. Братислава экономикалық университетінің профессорлары Ярослав Култан, Рейфф Мариан, Иван Брезина, Пекар Юрай 9 күн қатарынан Физика, математика және цифрлық технологиялар институтының студенттері мен магистранттарына және докторанттарына дәріс оқыды.
Профессор Ярослав Култан «Оқытудағы ақпараттық технологиялар» тақырыбында дәріс берді. Ол өз дәрісінде ақпараттық технологиялар саласындағы соңғы үрдістер туралы айтып, оларды білім беру процесінде қалай тиімді қолдану керектігін көрсетті. Ал профессор Рейфф Мариан болса Марков модельдерін модельдеуде қолдану түсіндіріп берді. Ғалым ғылым мен техникадағы түрлі құбылыстарды болжау және модельдеу үшін Марков модельдерін пайдалану әдістері мен техникасын жан-жақты қарастырды. Студенттер математикалық әдістерді және осы модельді нақты мәселені шешуде қолдануды ұғынып алды.
Ал тәжірибелі математик және оқытушы Иван Брезина болса студенттерге «Математикалық модельдеу» туралы айтып берді. Ол күрделі міндеттерді шешудегі математикалық әдістердің маңыздылығын атап өтіп, математикалық модельдеу ғылым мен техниканың түрлі салаларында қалай қолданылатынын көрсетті. Профессор Пекар Юрай Dow Jones Industrial Average (DJIA) индексі бойынша нақты кейсті қарап, қаржы және инвестициялар саласындағы білімі мен тәжірибесімен бөлісті. Студенттер теориялық білімді тәжірибеде қалай қолдану және қаржы нарықтарындағы нақты жағдайларды қалай талдау керектігін білді.
Осылайша Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық унивеситетінің білім алушылары словакиялық сарапшылардан ғылым мен технология аясындағы өзекті мәселелерді талқылауға мүмкіндік алды. Сондай-ақ өздерінің болашақ зерттеулері мен жобалары үшін жаңа білім мен идеялар түртіп алды. Осындай университет аралық білім мен тәжірибе алмасу Қазақстанда ғана емес, жалпы әлемде де білім мен ғылымды дамытуда аса маңызды.
Бөлісу: