Әлемге әйгілі мұғалім Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттеріне ақыл-кеңесін айтты
-
09 қазан, 2023
Дүниежүзіне белгілі ұстаз, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының 2020-шы жылғы иегері Ранжит Дисале Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің студенттерімен кездесті. Арулардың ақ ордасының мәртебелі мейманы болашақ педагогтармен тілдесіп, ұстаздықтың қыр-сырымен бөлісті. Атап айтқанда, Ранжит Дисале жастарды 21-ші ғасырдың ұстазы болуға шақырды.
«Өкінішке қарай, біздер әлі күнге дейін 19-шы ғасырдың оқу бағдарламасын қолданып, 20-шы ғасырдың ұстаздары секілді сабақ беріп келеміз. Шынайы жағдай мен сұраныстың арасы жер мен көктей. Десе де біздер сондай зор мүмкіндіктердің заманында өмір сүрудеміз. Технологиялар көз ілеспес жылдамдықпен дамып, жасанды сана іске асып жатқан шақта, біздер артта қалмауымыз керек. Сіздер осы көштің басында болуларыңыз қажет», – деді Ранжит Дисале студенттерге қаратып айтқан сөзінде.
Ранжит Дисале кілең қыздар оқитын жоғары оқу ордасының табалдырығын аттаған сәттегі алған қатты әсерін жасырмады. Ол түсінікті де. Өйткені әлемге танымал болмаған шағында Дисале өзінің елі Үндістанда қыздардың білім алуы үшін едәуір күресіп, маңдай тер төккен еді.
«Дисале Махараштра штатының Солапур округіндегі Паритевади ауылында дүниеге келген. Алдымен, ол ақпараттық технологиялар саласында инженер болуға шешім қабылдаған және инженерлік колледжге оқуға түскен. Бірақ жағдай оңалмаған кезде әкесі оны мұғалімдерді даярлау бағдарламасына қатысуға көндірді. Басында Дисале бұл шешімді қабылдағысы келмеді, бірақ педагогикалық колледжде оқып жүріп ол әлемдегі өзгерістерді жасаушы мұғалімдер екенін түсінген», – деп ректор Гүлмира Қанай студенттерге мәртебелі қонақтың өмірбаянынан үзінді айтып берді.
Айта кету керек, Ранжит Дисале өзі жеңіп алған «Әлем мұғалімі» сыйақысының 1 млн. Доллар болатын жүлде қорының жартысын өзінің тоғыз финалист әріптестерімен бөліскен. Яғни олардың әрқайсысы 55 000 доллардан алған. Ол сондай-ақ білім беру бағдарламалары бойынша Дүниежүзілік банктің кеңесшісі саналады, оны АҚШ үкіметі Фулбрайт бағдарламасына қатысу үшін таңдаған.
Бөлісу: