Ұстаздарға арналған Нобель сыйлығының иегері Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің табалдырығын аттады
-
09 қазан, 2023
«Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының 2020-шы жылғы иегері Ранжит Дисале Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің мәртебелі қонағы болды. Аты әлемге әйгілі ұстазды арулардың ақ ордасына Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай арнайы шақырған болатын.
«Мұғалімдерге тәрбие мен білім беріп жатқан баға жетпес еңбектеріңізге сондай сүйсініп тұрмын. Өйткені сіздер тек Қазақстандағы ғана емес, бүкіл әлемдегі қоғамды дамытуға өз үлестеріңізді қосып жатырсыздар», – деді Ранжит Дисале ректормен кездесуінде.
Өз кезегінде білім ордасының басшысы Гүлмира Қанай мәртебелі қонаққа 80 жылдық тарихы бар Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің өзге оқу орындарынан ерекшелігі мен жетістіктері, шет елдердегі алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындарымен әріптестігі туралы айтып берді.
Ранжит Дисаленің бұл Қазақстанға алғашқы келуі екен. Әйгілі ұстаз Алматының асқар тауларының сұлулығы мен жергілікті тұрғындарының қонақжайлылығы туралы айтып тауыса алмады. Айта кетейік, «Әлем мұғалімі» жаһандық сыйлығының иегері елімізге Nobel Fest-ке қатысуға арнайы келген. Nobel Fest - Нобель сыйлығының лауреаттары, жаһандық сарапшылар мен бизнес-көшбасшылардың қатысуымен өтетін әлемдік технологиялық, ғылыми және білім беру фестивалі. Астанада өткен халықаралық шараға 15 Нобель сыйлығының лауреаты, 100 әлемдік ғалым, 50-ден астам бизнес-көшбасшы қатысқан болатын.
Бөлісу: