QYZPU биологтарының қос бірдей жаңа оқулығы жарыққа шықты
-
02 қазан, 2023
Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің биологтары 2 оқулық пен 1 әдістемелік оқу құралын жарыққа шығарды. «Экофизиология», «Оқушылардың жас ерекшелік физиологиясы», «Экофизиология практикумы» деп аталатын еңбектер республика көлемінде тарап, студенттер мен оқытушылар қауымы оқу процесінде қолдануды бастап кетті.
Жаңа оқулықтар биология мамандығы студенттері мен ізденушілеріне және осы пән бойынша дәріс беретін оқытушыларға аса қызықты болмақ. Мәселен, «Экофизиология» оқулығында тек Қазақстанды ғана емес, дүниежүзі ғалымдарын толғандырған қоршаған орта факторларының өсімдік ағзаларына әсері, өсімдіктерді қорғау, оларды қайта түлетіп рекультивациялау мәселелері талқыланған. Әрбір тақырыптың соңында пысықтауға арналған сұрақтар мен тапсырмалар берілген. Сол секілді «Оқушылардың жас ерекшелік физиологиясы» оқулығы да маңызды мәліметтерге толы. Онда биологтар ағзаның дамып жетілуі кезіндегі әр жаста байқалатын ерекшеліктері мен өзгерістерін сипаттап, өсу және даму процестері мен ағзаның физиологиялық көрсеткіштерін зерделеген. Ал «Экофизиология практикумы» оқытушылар үшін, тіпті, таптырмас дүние. Оған қарап ізденушілер өсімдіктер мен қоршаған орта факторларын цифрлық ресурстарда талдай алады. Тапсырмаларды цифрлық платформаларда қалай талдау керектігі әдістемелік құралда көрсетілген.
«Экофизиология» оқулығының авторлары – Жаратылыстану институтының директоры, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Гаухар Байташева мен 3-курс докторанты Карлығаш Жаманбаева болса, «Оқушылардың жас ерекшелік физиологиясын» Гаухар Байташева мен ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор м.а. Эльмира Иманова мен 3-курс докторанты Алтынай Мусадильдаева бірлесіп жазды. Ал «Экофизиология практикумы» Гаухар Байташева мен 3-курс докторанты Карлығаш Жаманбаеваның еңбектері.
Әр оқулық 500 дана таралыммен «Альманахъ» баспасында басып шығарылды.
Бөлісу: