5 қыркүйек - Қазақстан халқы тілдері күні
-
05 қыркүйек, 2023
Құрметті әріптестер! Құрметті біздің білім алушылар!
Сіздерді Алаш ардақтысы, қазақ тіл білімінің атасы Ахмет Байтұрсынұлының туған күні – Қазақстан халқы тілдерінің күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Әр ұстаздың жүрегінде ғасырдан ғасырға аяулы есім болып сақталып қала беретін Ахмет атамыздың рухына тағзым ете отырып, ол кісінің қазақ тілін ұлтсыздандыруға қарсы тұрғандағы даналығын осы күні тағы бір есімізге салсақ дейміз. Себебі тіл – ұлттың жаны, тұғыры, тәуелсіздігінің белгісі, ар–ожданы! Тіл өшсе, ұлт өшеді! Қазақ ұлтының сақталуы жолында талай азаптарды бастан өткеріп, соңында жеңіп, артында өшпес із қалдырған осынау дана тұлғаның өмірге келуі – бүкіл қазақтың басына қонған бақ деп білейік! Құрметтеп, қадірлейік!
Қазақстан халқы тілдері мерекесі – осындай ұлы тұлғаларды дүниеге әкелген қазақ халқының кеңпейілділігін, татулық пен достықты, бірлікті дәріптейтін ел екендігінің белгісі! Әлемдегі ешбір мемлекетте мұндай мереке аталып өтілмейді десек те болады! Тілдер күнін белгілеудің өзі Қазақстан басшыларының дана саясатын, терең ойлай біле алатындығының айқын көрінісі! Тіл арқылы елдердің татулығын сақтау – ол өзінің ғана емес, өзгенің де бағылысын бағалай білу деген сөз.
Құрметті болашақ ұстаздар! Қазақ тіл білімінің негізін қалаушы, ағартушы, педагог атамыздың ұлық ісін жалғастырушы мына Сіздерсіздер! Кемеңгер тұлғаның туған күніне орайластырып бекітілген Қазақстан халқы тілдері мерекесімен Сіздерді құттықтай отырып, еңбектеріңізге зор табыс, ал отбасыларыңызға бақ-береке, молшылық пен тату-тәтті ғұмыр тілеймін!!!
Сіздерге деген зор құрметпен, Басқарма төрағасы – ректор Гүлмира Қанай
Бөлісу: