Х халықаралық түркі әлемін зерттеу симпозиумы қорытындыланды
-
15 маусым, 2023
14-15 маусым Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Х халықаралық түркі әлемін зерттеу симпозиумы болып өтті. Жыл сайын түбі бір түркі жұртының басын қосып, Түркияның Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақстаннан Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Әзербайжан республикасының Баку Еуразия университеттерінің ұйымдастыруымен өтетін алқалы жиын биыл да жоғары деңгейде аталып өтті.
Жабылу салтанатында симпозиумның биылғы қарары бекітіліп, қорытынды сөз айтылды. Симпозиум қарарымен университетіміздің професоры Абдрасилова Гулмира Қалыбайқызы таныстырды: «2023 жылдың 14-15 маусымында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті, Нийде Өмер Халисдемир университеті, Баку Еуразия университеттерінің ұйымдастыруымен өткен Х түркі әлемі зерттеулері симпозиумында Қазақстан, Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Корея, Иран, Ирак, Татарстан мемлекеттерінен барлығы 181 баяндама жасалды. Баяндама жасаушылардың барлығы дерлік түгел келді. Өзара пікір алысты.
Симпозиум ұйымдастырушылары Х халықаралықтүркі әлемі зерттеулерінің қорытындысы бойынша ұсынылған қарарларды сіздерге ұсынамыз:
- ХІ Түркі әлемі зерттеулері симпозиумы 2024 жылдың 13-15 маусымында Әзербайжан Республикасы, Баку қаласындағы Баку Еуразия университетінде өткізілсін;
- Симпозиум тақырыбы – «Түркі әлемінің 2040 жылға дейінгі даму стратегиясы және түркі мемлекеттері ұйымы» болып бекітілсін;
- Келесі симпозиум құжаттары ұйымдастырылып отырған мемлекеттің тілінде рәсімделсін. Бейджигі, сертификаты бағдарламасы, сол елдің тілінде ғана жазылу керек.
- Симпозиум материалдарының жинағын «Түріксой», «Түрік академиясы», «Түркі мемлекеттері ұйымы» сияқты үлкен қоғамдарға және ұйымдастырушы мемлекеттердің ұлттық кітапханаларына таратылуы қамтамасыз етілсін;
- Симпозиум аясында ашылған «Халықаралық түркі әлемі зерттеулері» журналының халықаралық индекстелген журналдар базасына ену үшін Қазақстан, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркия серіктес университеттерінің ғалымдары тарапынан қолдау көрсетілсін;
- Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Әзірбайжан, Өзбекстан серіктес университеттері арасында бірлескен халықаралық білім беру бағдарламасы мен бірлескен халықаралық ғылыми жобаларды әзірлеу қолға алынсын;
- Симпозиум ұйымдастырушы 3 университеттің ғалымдары қазақша, түрікше, әзірбайжанша тілдерінің лингвистикалық терминдерінің сөздігін жасау үшін ұйымдастырушы университеттер тарапынан қаражат бөлу мәселесі қарастырылсын!» делінген қарарда.
Симпозиумға қатысқан барша ұйымдастырушылар мен фестивальға қатысушыларға алғыс хаттар табысталып, үш ел университетінің басшылары бір-біріне Ізгі тілектерін білдіріп, ынтымақтастықтың белгісі ретінде естелік сый-сияпаттарын табыстады. Іс-шара аясында симпозиум қонақтарына Қазақстанның мәдени-тарихи жерлерімен таныстыру мақсатында Алматы облысының туристік аймақтарына саяхат ұйымдастырылды.
МЕДИА
Бөлісу: