10-шы Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы басталды
-
14 маусым, 2023
Бүгін Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 10-шы Халықаралық түркі әлемі зерттеулері симпозиумы басталды. 14-15 маусым күндері өтетін Нийде Өмер Халисдемир университеті, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеті және Баку Еуразия университеттері ұйымдастырып отырған симпозиум – түбі бір түркі жұртының басын қосатын жыл сайын аталып келе жатқан ауқымды шара.
Симпозиумның мақсаты – Түркі тілдес мемлекеттердің ынтымақтастығын нығайту. Тіл, әдебиет, тарих, білім, мәдениет, өнер, коммуникация, халықаралық қатынастар, аймақтық мәселелер, бизнес, экономика, дін, философия, әлеуметтану, туризм және халықаралық зерттеулер сияқты салалардағы өзекті академиялық мәселелерді талқылау. Университеттің «Ақшатыр» жазғы алаңында өткен алқалы жиынның ашылу салтанатында ҚР Ғылым және Жоғары Білім министрі Саясат Нұрбек онлайн құттықтау жолдады. Симпозиум тарихына терең тоқталған министр, оның маңыздылығын да атап өтті.
- «Тарихтан белгілі Алтай тауларынан Қытай шекарасына дейін Батыста Қара теңізге дейін алып аймақты мекендеген түркілер ұлы даланың өркениеті мен тарихын қалыптастырып, өскелең ұрпаққа мирас етіп қалдырды. Ортақ құндылығымызға айналып отырған ортақ тарихымызды зерттеу мәдени байланыстарымызды тереңдету, тіл, діл, тағы да басқа салалар бойынша мәселелерге қатысты зерттеулер жүргізуге деген қажеттілік күн тәртібінен ешқашан түскен емес. Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының ғылыми нәтижелері түбі бір түркінің бірлігі мен мәдени байланысын нығайтуға, түркі мемлекеттерінің сенімді қарым-қатынасын арттыруға, экономикалық, стратегиялық жоспарларын дамытуға елеулі үлес қосады деп білеміз. Ғалымдарымыздың осы бағытта атқарып жатқан еңбектеріне толағай табыс тілей отырып, түркітілдес мемлекеттер мен халықтардың ынтымағы арта берсін, Түркі әлемі зерттеулері симпозиумының түркі халықтарының білімі мен ғылымына қосар үлесі көп болсын демекпін»,– деді.
Сонымен қатар симпозиумның ашылуында Басқарма Төрағасы – Ректор Гүлмира Қанай, Түркия Республикасының Алматыдағы Бас консулы Али Риза Акинджы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы, доктор Омархан Нұртайұлы Оксикбаев, Нийде Омер Халисдемир университетінің ректоры Профессор Хасан Услу, Нийде қаласының әкімі Эмрах Оздемир, Баку Евразия университетінің проректоры, профессор Гульзар Ибрахимова, Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, академик,профессор Оразалы Сәбден, Қоғам қайраткері, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің түлегі Асылы Осман да сөз алды.Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы, доктор Омархан Нұртайұлы Оксикбаев: «Ғылымның педагогика, тіл, әдебиет, тарих, мәдениет, өнер, халықаралық қатынастар, экономика, философия әлеуметтану, гендерлік мәселелер, жаратылыстану ғылымдары сияқты өзекті мәселелер бойынша пікір алмасып, талқылауды көздеген әлемнің әр түкпіріндегі түркі жұртын бір арнаға топтастырған түбі бір түркі жұртының өзара ынтамақтастығының нығайюын, әлемдік бейбітшілікті көздейтін симпозиум нәтижесінде болашақта түркі әлеміндегі ортақ ғылыми жобалар жүзеге асырылып, күрмеуі шешілмей тұрған мәселелерді шешуге мұрындық болады деп есептеймін.
Симпозиумның 9 отырыстарында бірнеше жүздеген еңбектер жарияланған. Алғаш 2014 жылдаың 21 наурызында Нийде Халисдемир университетінде өткізіліп, 18 мемлекеттен 356 баяндамашы, 2015 жылы Алматы қаласында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 12 мемлекеттен 300 баяндама, 2016 жылы Баку қаласында 13 мемлекеттен 413 баядама , келесі жолы Нийдеде өткен симпозиумда 412 баяндама, бесінші рет Алматыда өткен симпозиумда 8 мемлекеттен 345 баяндама, 6-шы ретте 611 баяндама, 7-шісі Түркия қалаларында өткен симпозиумда 200-ден аса баяндамалар жарияланды. Осы баяндамалардың арқасында көптеген алшақтықтардың беті ашылды. Биылғы жылы симпозиумда талқыланатын басты тақырып «Түркі әлемінде білім беру саласында ынтымақтастықтың нығаюы, осы бағытта тың мәселелер көтеріліп, болашаққта жемісті істер атқарылу жоспарланып отыр» деп атап өтті. Ресми бөлімнің соңы 2014 жылдан бері аталмыш Симпозиум аясында дәстүрлі түрде серіктес университеттердің білімалушылары тарапынан ұйымдастырылып келе жатқан «Түбі бір түркіміз» фестиваліне ұласты. Фестивальде ұйымдастырушы елдердің ұлттық ән мен күйі, биі мен жыры орындалды.
МЕДИА
Бөлісу: