Ұлттық университеттер ұлыстың ұлы күнін бірге тойлады
-
28 сәуір, 2023
Бүгін М.Әуезов атындағы спорт кешенінде еліміздегі алдыңғы қатарлы ұлттық университеттер Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университеті және Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университеттері біріккен үлкен ауқымды шара – «Әз Наурыз! Ән Наурыз» атты мерекелік той-думан өтті.
Мейрам ақ жаулықты әжелердің «Аластау» рәсімімен, ақ нарға мінген Қыдыр атаның ақ батасымен, ұлы көшті бейнелеген театрланған көрініспен ашылды. Спорт кешенінің алаңқайында киіз үйлер тігіліп, шатырлар мен алтыбақан құрылды. Ертеден келе жатқан асыл мұралар дәріптеліп, сурет және қолөнер көрмелері қойылды.
Мерекенің ресми ашылуын үш университеттің ақсақалдар қауымы : Мемлекет және қоғам қайраткері, экономика ғылымдарының докторы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Директорлар кеңесінің Төрағасы – Өксікбаев Омархан Нұртайұлы, Педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім Академиясының академигі, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің Ардагерлер кеңесінің төрағасы – Әлмұхамедов Берікжан Айтқұлұлы және Қазақстан Республикасы Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, философия ғылымының докторы, профессор, аты аңызға айналған «Дос-Мұқасан» ансамблінің негізін қалаушыларының бірі, Қаныш Имантайұлы Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық зерттеу университетінің «Ақсақалдар алқасының» Төрағасы – Сыдықов Ұлықпан Есілханұлы Университет ұжымдары мен студенттерін Наурыз мерекесімен құттықтады.
Сыдықов Ұлықпан Есілханұлы: «Бұл тойдың үлкен ерекшелігі – Алматыдағы, Қазақстандағы өз орны, жолы бар, тарихы бар қаситетті, киелі үш жоғары оқу орнының бас қосуымен өтіп отыр.» деп атап өтсе, Өксікбаев Омархан Нұртайұлы: «Үлкен тарихы бар жоғары оқу орындарының жастарының бірігіп тойлауының өзі ғажап дүние» деп баға берді. Әлмұхамедов Берікжан Айтқұлұлы: «Үлкенді үлгі тұтып, кішіге ізеттілік көрсететін ұлттық құндылықтарымызды аялайық» деген ізгі тілегін жолдады.
Ары қарай көрермен қауым сахна алдында үш Университет студенттерінің бірігіп дайындаған мерекелік концертін тамашалады. Сахнада студенттік оркестрлердің орындауында Құрманғазының «Сарыарқа» , «Балбырауын» Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйлері, дәстүрлі ән, «Қара жорға», «Наурыз», «Шашу» билері, үш университеттің ВИА ансамблдерінің әндері, хор орындалып, дәстүрлі «Наурыз –Думан» әні шырқалды. Сонымен қатар алаңда қазақ күресі, арқан тартыс, тоғызқұмалақ, жамбы ату, асық ату секілді ұлттық спорттық ойындар ойнатылып, студенттер мен қызметкерлер қазақы нақышта киім киіп, мерекенің сәнін кіргізді. Барша қонақтарға наурыз көже, ыстық палау, бауырсақ, сусындар тегін таратылды.
Наурыз – жаңару мен жаңа өмірдің бастауы болуымен қатар, ұлттық болмысымызды дәріптейтін, ел мен жұрттың бірігуі, татуық пен ынтымақты паш ететін бейбіт өмірді насихаттайтын мереке. Бүгінгі үш жоғары оқу орындарының ұйымдастырып отырған игі шараның басты мақсаты да осы. Университет арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тәжірибе алмасу, жастарды ұлттық өнер мен таным-білімге насихаттау .
МЕДИА
Бөлісу: