Университет студенті «Академик Ш.Есенов атындағы шәкіртақы 2023» иегері атанды



    • Университет студенті «Академик Ш.Есенов атындағы шәкіртақы 2023» иегері атанды

      Университетіміздің  Физика мұғалімдерін даярлау мамандығының 2 курс студенті Орынбаева Қарақат «Академик Ш.Есенов атындағы шәкіртақы 2023» иегері атанды. «Shakhmardan Yessenov Foundation» ғылыми білім беру қоры 480 000 (төрт жүз сексен мың) теңге көлеміндегі стипендияны 2023 жылдың мамыр айынан 2024 жылдың сәуір айы аралығында 12 (он екі) ай мерзіміне тағайындады.

      Академик Ш. Есенов атындағы шәкіртақылық байқауы «Shakhmardan Yessenov Foundation» ғылыми білім беру қорының бастамасы бойынша өткізіліп,  қаржыландырылады және геология саласындағы көрнекті ғалым геолог, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлттық ғылым Академиясының академигі, геолого-минералогиялық ғылымдарының докторы Шахмардан Есеновтың есімін мәңгілік етуге бағытталған білімгерлердің оқу, ғылыми, қоғамдық іс-әрекеттерін ынталандыруға бағытталған.

      Байқаудың мақсаты – еліміздің белгілі жоғарғы оқу орындарының бакалавриаты және магистратураның үздік студенттерін қолдау, олардың заманауи қоғамдық талаптарға сай құзыретін дамыту арқылы Қазақстан Республикасында ғылымның дамуына үлес қосу.

      Шәкіртақылық байқау 2 (екі) турдан тұрады, әрқайсысының нәтижесі бойынша ең үздік ізденушілер таңдалады.

      Тәуелсіз сарапшылармен келесі критерийлер байынша сырттай бағаланады:

      a) жоғары академиялық әлеуеті (оның ішінде белгіленген саладағы қызығушылықтағы эрудиция, тәсілдемелер жаңалығы, жақсы академиялық нәтижелер);

      b) мамандыққа қатысты жарияланымның болуы;

      c) студенттік өмірде белсенділігі;

      d) еріктілік (волонтерлік) тәжірибесінің болуы;

      Бірінші тур аяқталғаннан кейін 30 студент іріктелеліп, екінші турдың ізденушілері онлайн іріктеуге шақырылады, ол жеке немесе топта әңгімелесу/сұхбат түрінде өткізіледі. Осы әңгімелесу/сұхбат барысында ізденушілердің қасиеттері келесі салаларды бақылау арқылы бағаланады:

      a) жалпы байланыс;

      b) құндылықтар мен көзқарастар жүйесі, мотивация;

      c) жалпы белсенділік;

      d) эмоционалды интеллект;

      e)қазіргі әлемнің талаптарын түсіну;

      f) жалпы психологиялық жетілу;

      g) ойлау қабілеті;

      Сұхбаттың ұзақтығы 60 минутқа дейін. Екінші тур соңында 20 студент анықталып, олардың  қатарында  біздің  студентіміз де  еніп,  шәкіртақыға  ие  болды.

      Қарақатты  айтулы  жеңісімен  құттықтап, алдағы уақытта да  алар асулар көп  болсын дейміз!

      Бөлісу: